«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Атырауда даулы мәселе кәсіпкердің пайдасына шешілді

2025 жылғы 14 Шілде
- Атырау облысы
489 просмотров

Атырау қаласының әкімдігімен жасалған татуласу келісімінің нәтижесінде «АТЦ-Галерея» компаниясы «I’m» брендімен қоғамдық тамақтану нысаны орналасқан жер учаскесін қорғап қалды. Қазіргі уақытта бұл нысан өз қызметін жалғастырып жатыр.

Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасына «АТЦ-Галерея» ЖШС-нен алғыс хаты келіп түсті. Онда компания басшылығы кәсіби қолдау көрсеткені және бизнестің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауда белсенді жәрдемдескені үшін ризашылығын білдірген.

Еске сала кетейік, дау Атырау қаласы әкімдігінің жер учаскесін сату-сатып алу шартының заңсыз деп танылуын талап етуінен туындаған болатын. Аталған жерде компания тұрғызған «I’m» брендімен қоғамдық тамақтану орны (бұрынғы McDonald’s ғимараты) орналасқан.

Мәмілені жарамсыз деп тану тек жер учаскесінен ғана емес, қоғамдық тамақтану нысанынан да айыру қаупін төндірді. Бұл өз кезегінде ЖШС-ның қызметін тоқтатып, 70-тен астам қызметкердің жұмыссыз қалуына, сондай-ақ 6 млрд теңгеден астам жеке инвестицияның жоғалуына әкелетін еді.

Компанияның өтініші Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасына түсіп, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында қаралды (толығырақ - Атырау қаласының әкімдігі кәсіпкердің бір кездері өзі берген жер телімін қайтаруды талап етуде).

Алғыс хатта айтылғандай, мәселе Палатаның белсенді қатысуымен қаралып, әкімдік пен компания арасында өзара түсіністікке қол жеткізілді. Бұл Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен бекітілген татуласу келісімін жасауға мүмкіндік берді. Қабылданған шешім инвестициялардың сақталуын және қоғамдық тамақтану нысанының әрі қарай жұмыс істеуін қамтамасыз етті, бұл қала тұрғындары мен қонақтарының мүддесіне қызмет етеді.

«Атырау қаласы әкімдігінің бизнестің мүддесін ескеріп, біздің уәждерімізге құлақ асқанына қуаныштымыз. Нәтижесінде мәселе кәсіпкердің пайдасына шешілді. Бұл дегеніміз — бизнестің сақталған инвестициясы, жұмыс орындары, қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалыс орны, сондай-ақ жергілікті бюджетке қосымша салық түсімдері», – деді Қазақстандағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша секторының меңгерушісі, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев.
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер