«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Атыраулық кәсіпкерлерге бизнес нысандарында өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттілігі ескертілді

2025 жылғы 28 Шілде
- Атырау облысы
369 просмотров

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының алаңында Атырау облысының Төтенше жағдай департаменті мен кәсіпкерлердің қатысуымен өрттің алдын алу мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті.

Облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Бағдат Әбдуллиннің айтуынша, бұл шараны өткізуге бүкіл ел бойынша коммерциялық нысандарда өрттердің жиілеп кетуі себеп болған. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігін арттырып, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу мақсатында өткізілді.

Мемлекеттік орган өкілінің айтуынша, жыл басынан бері облыста шағын бизнес нысандарында – атап айтқанда дүкендерде, кафелерде, сауда дүңгіршектерінде – 23 өрт оқиғасы тіркелген. Ірі коммерциялық нысандарда өрт болмаған.

«Өрттің негізгі себептері – электр жабдықтарының ақауы, технологиялық процестердің бұзылуы, отты абайсыз пайдалану, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау және заттардың өздігінен тұтануы. Біз тағы да кәсіпкерлердің назарын өрт қауіпсіздігін сақтау мәселесінің маңыздылығына аударамыз. Атап айтқанда, өрт шыққан жағдайда дереу 102 нөміріне қоңырау шалып, өрт сөндірушілер келгенше бастапқы өрт сөндіру құралдарын пайдаланып, адамдарды қауіпсіз орындарға эвакуациялау қажет. Алдын алу мақсатында эвакуациялық шығу есіктері үнемі ашық болуы, бастапқы өрт сөндіру құралдары пайдалануға дайын күйде тұруы тиіс. Қызметкерлерге өрт болған жағдайда қалай әрекет ету керектігін үйрету маңызды. Өз кезегінде біздің мамандар бизнес нысандарына барып, оқыту шараларын өткізе алады», – деді Бағдат Әбдуллин.

Сонымен қатар, ТЖД басқармасының басшысы биылғы наурыз айында Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне, Кәсіпкерлік кодекске және Азаматтық қорғау туралы заңға өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны немесе орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейтетін өзгерістер енгізілгенін еске салды. Атап айтқанда, мұндай бұзушылықтар үшін кәсіпкерлерге салынатын айыппұл мөлшері үш есеге артты.

Дөңгелек үстел барысында кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі талаптары туралы бейнероликтер көрсетілді. Сондай-ақ, олар өздерін қызықтырған сұрақтарға ТЖД өкілдерінен жауап алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер