«Qoloner Brand» шеберханасына бизнес-экскурсия
6 тамыз күні Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігі салааралық кеңесінің ұйымдастыруымен «Qoloner Brand» шеберханасына бизнес-экскурсия өтті.
«Qoloner Brand» – этно стильдегі эксклюзив киімдер мен ерекше қолөнер туындыларын өндіретін табысты отандық жоба. Шеберхананың негізін қалаушы әрі жетекшісі – Үргенішбаева Жазира Рамазанқызы. Ол сән мен дәстүрлі қолөнерді үйлестіріп, сапалы әрі бірегей өнімдерді нарыққа ұсынып келеді. Жобаның ерекшелігі – шеберханада киім мен аксессуарларды ойластырудан бастап, дайын өнімді тұтынушыға ұсынуға дейінгі толық өндірістік циклдың орын алуы.
Жазира Рамазанқызы – «Бастау Бизнес» жобасы аясында мемлекеттік грант иегері. Оның айтуынша:
«Қолөнермен айналысқаныма он жылдан асты. Ал шеберхана ретінде жұмыс бастағаныма – бес жыл. Қазіргі таңда бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Қазақы нақыштағы күнделікті киімдермен қатар, эксклюзив көрпешелер мен жастықтар да әзірлейміз. Басты мақсатым – ата-бабамыздан қалған ұлттық ою-өрнекті заман талабына сай жаңғыртып, брендке айналдыру. Қолөнер – мен үшін жай ғана хобби емес, бұл – рухани демалыс, сабыр мен сұлулықтың айнасы» – дейді кәсіпкер.
.jpg)
Экскурсия барысында Жазира ханым салааралық кеңес мүшелеріне өзінің тігін цехын таныстырып, кәсіптің бастау кезеңінен бүгінге дейінгі даму жолын баяндап берді.
Кездесу аясында сырбойылық іскер әйелдер таныстықтарын нығайтып, бір-бірімен тәжірибе бөлісіп, алдағы жоспарларын ортаға салды. Мұндай басқосулар өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға тың серпін берері сөзсіз.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: