«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Қазақстандық ТМК: ұлттық экономиканың тірегі ұзақмерзімді стратегия мен тұрақты ережелерді қажет етеді

2025 жылғы 16 Қыркүйек
915 просмотров

Қазақстан Баспасөз клубында «Қазақстанның тау-кен металлургия кешені: экономикалық үлесі және орнықты даму келешегі» атты зерттеу жұмысының таныстырылымы өтті. Зерттеу «Атамекен» ҰКП жанындағы ТМК дамыту және ел ішіндегі құндылықты арттыру жөніндегі Жобалық кеңсенің бастамасымен жүзеге асырылды.

Өз сөзінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, ТМК дамыту жөніндегі Жобалық кеңсенің жетекшісі Гүлнар Бижанова Палата бұл зерттеуді саладағы ахуалды толыққанды бағалау үшін қолға алғанын атап өтті:

«Қазақстанның тау-кен металлургия кешені әрдайым ұлттық экономика тірегінің бірі болып саналады. Жуырда Мемлекет басшысының жолдауында да ТМК саласын дамытудың рөлі баса айтылды. Алайда, саланың тұрақтылығы мен беріктігі қай деңгейде деген заңды сұрақ туындайды. Экономикадағы үлесі 8–25 % аралығында екенін ескерсек, бұл – өте маңызды сұрақ. ТМК құрамында көптеген бағыттар мен ілеспе салалар бар, сыртқы және ішкі сын-қатерлер жеткілікті. Сондықтан бұл сала жүйелі талдауды қажет етеді. Көп жағдайда назар тек жекелеген өткір мәселелерге ғана аударылып, кешенді стратегиялық көзқарас жетіспейді. Сол себепті екі жыл бұрын «Атамекен» ҰКП ТМК дамыту Жобалық кеңсесі құрылып, негізгі деректерді жинақтап, зерттеу жүргізу туралы шешім қабылдадық», – деді Г.Бижанова.

Белгілі сарапшы Марат Шибұтов өз сөзін неге ТМК зерттеу қажет деген сұрақтан бастады:

«Көпшілікке бұл сала толық зерттелгендей көрінуі мүмкін, бірақ онда шешілмеген жайттар да баршылық. Біріншіден, ресурстық ұлтшылдық – инвесторлар салған қаражатының ертеңгі күні кепілді екеніне сенбейді. Келесі мәселелер – саяси популизм мен саланың ерекшелігін терең түсінбеу. Мұның салдарынан бір сәттік пайдаға негізделген, алайда ТМК зиянды шешімдер қабылданып келеді. Тағы бір мәселе – қабылдау. Қоғамда және шешім қабылдайтын деңгейде ТМК тек ірі компания иелерімен ғана байланыстырылады. Ал шын мәнінде бұл – жұмыс орындары, кәсіпорындар, әлеуметтік инфрақұрылым. Соңғысы – ресурс тапшылығы. Иә, Қазақстанның жер қойнауы бай, бірақ барлық қор бетінде жатыр деген сөз емес. Бүгінде барланған кен орындарының тозуы – өткір проблема. Сала көбіне ескі кеніштерге сүйеніп отыр, ал жаңалары баяу әрі жеткіліксіз қарқынмен іске қосылуда. Бұған тағы ақпараттың жабықтығын қосыңыз, сонда шетелдік инвестицияның неге азайып жатқанын түсінуге болады», – деді ол.

Сарапшы бұл сын-қатерлерге жүйелі талдау мен ұзақ мерзімді шешімдер қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мемлекет пен бизнес-қауымдастық бұл мәселелерге әртүрлі көзқараста, бұл өз кезегінде ел экономикасының негізгі саласында тұрақсыздық тудырады.

Зерттеу барысында ТМК әлеуметтік салаға қосқан үлесі де көрсетілді.

  • Жұмыспен қамту: саланың өзінде 205 мың адам еңбек етеді, оның жартысы – кен өндіру мен байытуда, қалғаны – металлургия және сервистік бөлімшелерде. Бір жұмыс орны 3–7 қосымша жұмыс орнын тудырады.
  • Аймақтық қолдау: ТМК 16 моноқаланы қамтиды, бұл қалаларда 1 млн-нан астам адам тұрады, оның 370 мыңы – жалдамалы жұмысшы.
  • Әлеуметтік саясат: кәсіпорындар жергілікті инфрақұрылымды дамытуға, қауымдастықтарға көмек көрсетуге, төтенше жағдайларда материалдық қолдау беруге атсалысады.

Марат Шибұтов ТМК дамуына ықпал ететін тәуекелдерді үш топқа бөлді:

  • Сыртқы: баға ауытқуы, бәсеке, сұраныстың төмендеуі, санкциялар, көлік және экологиялық шектеулер.
  • Ішкі: салықтық реттеу, заңнаманың тұрақсыздығы, кен қорының азаюы, әлеуметтік жүктеменің өсуі, валюта тәуекелі.
  • Корпоративтік: кадр мен көлік үшін бәсеке, құрылтайшыларға шағымдар, өндірістік апаттар.

Қорытындылай келе, сарапшы үш негізгі тұжырым жасады:

  • ТМК – Қазақстан экономикасының бастапқыдан мықты саласы, оны әлсіз салалармен алмастыруға болмайды, қайта үнемі күшейтіп отыру қажет.
  • Өндіріс көлемін, өнім түрлерін, экспортты ұлғайтып, өзіндік құнын төмендетуге жағдай жасау керек.
  • Мемлекет алдымен салаға кедергі келтірмей, кейін қолайлы даму ортасын қалыптастыруы тиіс.

«Стратегия» Әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығының әлеуметтанушысы Ольга Симакова Жезқазған, Теміртау, Павлодар, Рудный және Хромтауда жүргізілген сауалнама нәтижелерімен бөлісті. Зерттеудің мақсаты – халықтың ТМК кәсіпорындарына көзқарасын анықтау және олардың жергілікті әлеуметтік үлесін бағалау.

«ТМК кәсіпорындары орналасқан қалаларда әлеуметтік оптимизм деңгейі ел бойынша орташа көрсеткіштен жоғары болды – 52%,  қарсы 37%. Респонденттердің 23 %-ы жағдайдың жақсаруын дәл осы кәсіпорындармен байланыстырады, ал Теміртауда бұл көрсеткіш 50%-дан асты. Сондықтан әр қалада ірі кәсіпорындардың танымалдығы өте жоғары болуы заңды», – деді зерттеуші.

О.Симакованың айтуынша, ТМК кәсіпорындары әсіресе моноқалалардың дамуына айрықша ықпал етеді. Рудный, Теміртау және Хромтауда сұралғандардың 70 %-дан астамы олардың қаладағы өмір сапасына оң әсерін атап өткен, теріс бағалар 20%-ға төмен. Қатысушылардың жартысынан көбі ТМК кәсіпорындары жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосып отыр деп санайды.

Қоғамдық қордың президенті Гүлмира Ілеуова зерттеудің сараптамалық бөлігіне тоқталды:

«Біздің міндет – ТМК-ның ұзақмерзімді дамуына арналған стратегиялық басымдықтарды айқындау болды. Сол үшін саланың тұрақтылығын сипаттайтын 11 параметр бойынша қазіргі ахуалды және соңғы екі жылдағы өзгерістерді өлшедік. Бұл тәсіл орта мерзімді перспективаға арналған әлеует пен тәуекелдерді бағалауға мүмкіндік берді».

Сонымен қатар Г. Ілеуова сауалнамаға республикалық тау-кен және металлургия кәсіпорындары қауымдастығының өкілдері, салалық және тәуелсіз сарапшылар да қатысқанын тілге тиек етті.

Зерттеу нәтижелері бойынша ТМК тұрақтылығының арнайы индексі әзірленіп, оны жыл сайынғы өлшем ретінде қолдану жоспарланып отыр. Гүлнар Бижанова саланың инвестициялық тартымдылығына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдар мен реттеу қиындығын атап өтті:


«Президент Жолдауы жаңа межені айқындады. Бізге тұрақты заңнама, ұзақ мерзімді ережелер мен жүйелі даму қажет. Сонда ғана терең өңдеу құр ұран емес, нақты практикаға айналады, ал ТМК өсімі ондаған жылға нығаяды», – деді.

Аталмыш іс-шара тау-кен металлургия кешенін ұлттық экономиканың сенімді тірегі ретінде дамыту үшін мемлекет пен бизнестің бірлескен стратегиялық қадамдары қажет екенін айқын көрсетті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174