«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Кеден нарығындағы даулы бастама: Мемлекет пен бизнес ортақ шешімге келе ала ма?

2025 жылғы 26 Қыркүйек
786 просмотров

Бизнес-қауымдастық бұл бастаманы монополияға жол ашу, жемқорлық тәуекелдерінің артуы және экономиканы ырықтандыруға бағытталған мемлекеттік саясатқа тікелей қайшы деп есептейді.

ҚР Қаржы министрлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстандық кеден брокерлері қауымдастығы және бизнес өкілдерінің қатысуымен квазимемлекеттік кеден өкілін құру мәселесіне қатысты жиын өткізді.

Еске сала кетсек, МКК-нің «Digital Silk Road Company» ЖШС-ға (DSRC) тіркелген бағалар бойынша кеден брокері мәртебесін беру туралы ұсынысы «Атамекен» ҰКП мен осы саладағы бизнес өкілдерінің сынына ұшыраған болатын.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бұл бастама монополия құруға емес, кеден қызметтері нарығындағы тәртіпті орнатуға бағытталғанын айтты.

«DSRC нарыққа барлығымен тең жағдайда кіреді, оған ешқандай ерекше құқық берілмейді. Оған да жекеменшік компаниялар сияқты талаптар қойылады әрі тексерулер жүргізіледі», – деді ол.

«Біз барлығын тартып алып, бәрін өзі істейтін «құбыжықты» жасап шығарайын деп отырған жоқпыз», – деп сендірді вице-министр.

Ол посткеңестік елдердің тәжірибесін мысалға келтіріп, онда да кедендік қызмет көрсету нарығы ашық емес екенін атап өтті. Сондай-ақ, реформалардың қажеттілігін растайтын МКК-нің материалдарымен танысуға шақырды. Онда Қытай кәсіпкерлері, елшілері мен консулдарының шағымдары қамтылған.

Монополия, жемқорлық және заңбұзушылық: Бизнес неден қауіптенеді?

Өз кезегінде бизнес өкілдері МКК-нің уәждерімен келіспей отыр және бұл бастама нарықты монополиялауға, жемқорлықтың артуына және заңбұзушылықтарға алып келеді деген пікірде.

«Атамекен» ҰКП Кедендік әкімшілендіру департаментінің директоры Дина Мамашева Қазақстанда кедендік қызметтер нарығы дамыған және бәсекеге қабілетті екенін айтып, брокерлердің бағаларына қатысты шағымдарды алғаш рет естіп тұрғанын жеткізді.

«МКК DSRC арқылы бәрін бір қолға жинап отыр: бұл – экономикалық оператор да, қойма иесі де, цифрлық шешімдердің әзірлеушісі де, енді оған кеден өкілі функциясы да қосылмақ. Бұл – өте ерекше әрі қауіпті функциялар жиынтығы», – деп атап өтті Мамашева.

Оның айтуынша, квазимемлекеттік компанияның тіркелген бағаларды енгізуі жеке компанияларды нарықтан ығыстыруға әкеледі. Сонымен қатар, ол МКК реттеуші және нарық ойыншысы ретінде мүдделер қақтығысын тудыратынын, ал бұл бақылаудың ашық болмауына ықпал етіп, жемқорлық тәуекелдерін арттыратынын айтты.

ҰКП өкілі бұрын болған келеңсіз мысалдарды да еске салды: бұған дейін мемлекет мүддесін қорғауға тиіс болған экономикалық операторлар заңсыз тауар жеткізу арналарына айналған. Сондай-ақ, ол қазірдің өзінде DSRC басқаруындағы уақытша сақтау қоймалары бойынша клиенттерді мәжбүрлеу деректері бар екенін айтып, әкімшілік ресурстарды теріс мақсатта пайдалану мүмкіндігін алға тартты.

Қазақстан кеден брокерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Геннадий Шестаков та «Атамекеннің» ұстанымын қолдап, бұл бастаманы негізсіз және бәсекелестік нарыққа тікелей төніп отырған қауіп деп атады.

Оның айтуынша, DSRC ұсынатын тіркелген бағалар нарықтық бағалардан әлдеқайда төмен болады, себебі бұл компания мемлекет тарапынан қаржыландырылады, яғни салық төлеушілер есебінен субсидияланады.

«Бұл DSRC-ға 15-25% көлемінде әділетсіз артықшылық береді, ал бұл жекеменшік брокерлердің нарықтан шеттетілуіне әкеледі. Брокерлердің жоғары бағаларына қатысты шағымдар ойдан шығарылған. Шын мәнінде мәселе – шекара өткелдеріндегі процестердің ашық болмауында. Бұл декларанттарды делдалдардың көмегіне жүгінуге және тіркелген бағадан әлдеқайда көп төлеуге мәжбүрлейді», – деді Шестаков.

Қауымдастық төрағасы бұл бастама «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның 164-бабын және Кеден кодексінің 493-бабын бұзатынын атап өтті. Мемлекет нарыққа тікелей бәсекелес шығарып отыр, бұл – мемлекеттік құрылым ішіндегі баға келісімі болып саналады.

Оның пікірінше, МКК кеден бекеттеріндегі процестердің ашықтығын арттырып, «жасыл дәліз» механизмін енгізуі және барлық нарық қатысушыларына тең жағдай жасауға күш салуы керек, ал мемлекеттік брокер құру – бұл кәсіби нарықты жою мен «басқарылатын жемқорлыққа» жол ашады.

Ұлттық экономика министрлігі де бұл бастаманы қолдамады, себебі бұл мәселе Бәсекелестікті қорғау агенттігімен (БҚДА) бірлесе отырып пысықтауды талап етеді.

«СЭҚМЕО» ЗТБ төрағасы Құрман Алдабергенов МКК ұсыныстары Кәсіпкерлік кодекстің 192-бабына, ҚР «Табиғи монополиялар туралы» Заңына қайшы келетінін, сондай-ақ бұл – мүдделер қақтығысы мен жемқорлық тәуекелдерін тудыратын фактор екенін мәлімдеді.

Ең бастысы, МКК ұсынып отырған DSRC компаниясы өз қызметінің технологиясын, нарықтағы жұмыс тетіктерін әлі күнге дейін таныстырмаған.

Қорытындылай келе, мемлекет пен бизнес арасындағы квазимемлекеттік кеден брокерін құру мәселесіндегі даудың шешімі әзірге табылған жоқ. МКК бұл бастама нарықта тәртіп орнатып, бағаны төмендетеді десе, бизнес оны нарықтық бәсекеге, ашықтыққа және мемлекеттік саясатқа қайшы деп есептейді.

Алдағы уақытта тараптардың нарықтық бәсекенің қағидаттарына нұқсан келтірмей, кеден саласының жұмысын жақсартуға мүмкіндік беретін ымыралы шешім таба ала ма, жоқ па – мәселе уақыт еншісінде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174