Қазақстандағы кедендік реттеу: екі жылда бизнес үшін не өзгерді?
Жаңашылдықтар кедендік рәсімдердің ашықтығы мен тиімділігіне қатысты болып отыр.
2024–2025 жылдар аралығында «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекске бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұл түзетулердің мақсаты – рәсімдерді жеңілдету, автоматтандыру және оларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру. Сыртқы экономикалық қызметпен (СЭҚ) айналысатын әрбір кәсіпкер білуге тиіс негізгі заңнамалық өзгерістер жөнінде «Атамекен» ҰКП Кедендік әкімшілік ету департаменті директорының орынбасары Ирина Аңсарова толығырақ айтып берді.
2024 жылғы түзетулер: жеңілдету және автоматтандыру
2024 жылы енгізілген өзгертулер кедендік рәсімдердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
Енді декларанттар тауарлардың жіктелуінің дұрыстығын растау үшін көбірек дереккөздерді, соның ішінде тауар жөнелтілген елдің кедендік декларацияларының көшірмелері мен тәуелсіз сарапшылардың қорытындыларын пайдалана алады. Осыған байланысты даулар саны азаяды. Бұл ретте жіктеу жөнінде алдын ала шешімнің көшірмесін беру мерзімі 5 күннен 3 жұмыс күніне қысқартылды.
Бағдарламалық қамтылым құнын анықтаудың жаңа ережелері енгізілді. Егер тасымалдағыштағы ақпараттың құны нақты айшықталып көрсетілсе және құжат жүзінде расталса, бұл салықтық жүктемені азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар экспортталатын тауарлардың кедендік құнын анықтау механизмі жеңілдетілді – енді оған көлік шығындары кірмейді.
Қамтылымды тіркеу мерзімі 3 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне қысқартылды, ал қаражатты қайтару мерзімі 10 күнтізбелік күннен аспауға тиіс. Бұл қаржылық операциялардың болжамдылығын арттырады.
Кедендік төлемдер бойынша талап қою мерзімі нақтыланды, бұл бизнестің жұмысын нақты жоспарлауға мүмкіндік береді.
Енді ел ішіндегі еркін қоймалар арасында құбыржол көлігі арқылы тауарларды тасымалдауға рұқсат берілді. Бұл заңнамалық олқылықтың орнын толтырып, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысын жеңілдетеді.
Тауарларды жою кезінде мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын тапсыру талабы алынып тасталды. Оның орнына уәкілетті органдардың қорытындысы жеткілікті. Бұл рәсімді оңайлатып, жылдамдатады.
Көшпелі кедендік тексеру жүргізу актісінің бірыңғай формасы бекітілді. Бұл рәсімді бизнес үшін ашық әрі алдын ала болжауға мүмкіндік беретіндей етеді.
Ашық типтегі кеден қоймасының бір бөлігі енді уақытша сақтау қоймасы ретінде пайдаланылуы мүмкін, бұл логистикада кәсіпорындарға қызметтің ыңғайлығн қамтамасыз етеді.
2025 жылғы түзетулер: бақылаудың күшеюі және жаңа өкілеттіктер
2025 жылдың 29 шілдесінде күшіне енген өзгертулер екіжақты әсер береді: бір жағынан бизнеске тексеру жүргізудің түсінікті және нақты рәсімдері ұсынылса, екінші жағынан кеден органдарына тексеру жүргізу бойынша жаңа өкілеттіктер берілді.
Тексерілетін тұлғаның құжаттарды тапсыру мерзімін ұзарту құқығы пайда болды. Тексеруді жүргізу мерзімі нақты белгіленіп, ол 30 күннен аспауға тиіс, сондай-ақ ерекше жағдайларда мерзімді ұзартуға болады. Атап өтетін жайт, енді тексеру нәтижелерін даулауға және қайта тексеруді талап етуге болады.
Нысанның орналасқан жеріне бармай жүргізілген кедендік көшпелі тексеру енді өрескел заңбұзушылық болып саналады және жарамсыз деп танылады.
Сондай-ақ жаңа ережелер енгізілді, оған сәйкес кеден органдары халықаралық тасымалдауға қатыспайтын көліктерді де кедендік бақылау аймақтарында және одан тыс жерлерде тоқтата алады. Бұл міндетті арнайы мобильді топтар жүзеге асырады. Тексеру уақыты 2 сағаттан аспауға тиіс. Егер талаптарды орындаудан бас тартылған жағдайда көлік пен тауарлар уақытша ұсталуы мүмкін.
Кеден органдары енді тек шекарада ғана емес, сондай-ақ транзит аяқталғаннан кейін жүкті жеткізу пункттерінде де көлік бақылауын жүргізе алады.
«2024–2025 жылдары қабылданған өзгерістер кедендік реттеу жүйесін заманауи және ашық етеді. Олар рәсімдерді жеңілдетеді әрі мерзімдерді қысқартып, заңдағы олқылықтарды жояды. Бірақ, екінші жағынан, бизнеске қойылатын бақылау да күшейеді», – деп атап өтті Ирина Ансарова.
Тәуекелдерді болдырмау үшін кәсіпкерлерге «Атамекен» ҰКП-да барлық өзгерістерді мұқият қадағалап отыру, өз жұмысын соған бейімдеу және барлық құжаттарды тиісті тәртіпте жүргізуді қамтамасыз ету ұсынылады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: