«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Павлодар облысының «Атамекен» палатасының директоры ет өңдеушілерді ынталандыру шараларын қарастыруды ұсынды

2025 жылғы 13 Қазан
- Павлодар облысы
252 просмотров

Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының қайта өңдеу және экспорт жөніндегі салалық кеңесі отырысында экспорттық әлеуеті бар тамақ өнеркәсібінің өңдеуші кәсіпорындарының қызметіне әсер ететін және шикізаттың қымбаттауына байланысты мәселелер талқыланды.

Кеңес төрағасы Михаил Желнов бүгін өте маңызды мәселе көтерілгенін атап өтті: сиыр еті айтарлықтай қымбаттап, ел бойынша оның тапшылығы байқалуда. Қазақстан – кең байтақ жері бар, дәстүрі мен ет өнеркәсібін дамыту әлеуеті зор мемлекет бола тұра, елде ет мәселесі өзекті болып тұр. Спикер бұл мәселені барлық павлодарлық өңдеушілердің атынан жеткізді.

«Өткен жылдың желтоқсанынан биылғы қыркүйекке дейін сиыр еті бағасы шамамен 73 пайызға өсті. Біздің «Айсберг» компаниясы өз өнімін Қазақстанның солтүстік-шығысындағы А санатындағы барлық дүкендерге жеткізеді: Өскемен, Семей, Павлодар, Екібастұз, Астана қалаларына. Мәселе мынада: біз сауда желілерімен жасайтын келісімшарттар бойынша бағаны тоқсанына бір рет тек 10 пайызға ғана көтеруге рұқсат етіледі. Демек, біз жарты жылда немесе тоғыз айда тек 20 пайызға ғана көтере аламыз, ал қалған барлық шығын өз мойнымызда. Мұндай жағдай барлық ет өңдеуші кәсіпорындарда кездеседі», – деді Михаил Желнов.

«Атамекен» ӨКП салалық кеңесінің төрағасы атап өткендей, Мемлекет басшысы жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауында дүкен сөрелеріндегі тауарлардың 50 пайызы отандық өнім болуы тиіс деген тапсырма берген болатын.

«Біз бұл талапты қалай орындай аламыз, егер бүгінгі таңда кейбір компаниялар бәсекеге төтеп бере алмай, сауда желілерінен кетуге мәжбүр болып жатса? Қазір импортпен өте қатты бәсеке жүріп жатыр. Біздің дүкен сөрелерін шетелдік өнімдер басып алды. Ресейлік компаниялар өте ірі әрі қуатты. Мысалы, бүгінде әр дүкенде бар «Мираторг» компаниясы 40 пайызға дейін маркетингтік қолдау ұсынады. Біз мұндай жағдайға бара алмаймыз», – деді кәсіпкер.

Михаил Желновтың айтуынша, павлодарлық компаниялар өз өнімін дүкен сөрелеріне қою үшін тауардың шамамен 10 пайызын түрлі бонус, жарнама және сөре ақысы түрінде төлеуге мәжбүр. Ал шетелдік компаниялар бұдан әлдеқайда көп ұсына алады. Өндіріс көлемдері жоғары болғандықтан, олар қазақстандық сауда желілеріне оңай кіріп, жергілікті ет өңдеушілерді бәсекеден ығыстырып жатыр.

Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Толеген Көшербаевтың айтуынша, 2025 жылы өңірдегі сиыр еті өндірісінің көлемі 2024 жылғы деңгейде сақталады. Бірақ мәселе ірі бордақылау алаңдарының жоқтығында болып отыр.

«Мал басы 1000–2000 және одан да көп аналық ірі қара ұстайтын шаруашылықтар етті көбіне еліміздің оңтүстік өңірлеріне өткізеді. Біз оларға тыйым сала алмаймыз, кәсіпкерлер өздері келіп сатып алады. Сондықтан негізгі мәселе – ет өндіру көлемінің жетіспеушілігі», – деді ол.

Спикердің айтуынша, өңір нарығына түсетін еттің негізгі бөлігі жеке шаруашылықтардан келеді. Сондықтан ет бағасы тек Павлодарда ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша өсіп отыр. Дегенмен Павлодар өңіріндегі бағалар республика бойынша ең төмен деңгейде. Толеген Көшербаев мәселенің бар екенін мойындап, мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

«Қазір бордақылау алаңдарын ашуға арналған несиелеу бағдарламасы жұмыс істей бастады. Бірақ ол тек 500 және одан көп мал басы бар шаруашылықтарға арналған. Бізде ондайлар әзірге аз. Бір-екі жоба бар, олар әзірлеу кезеңінде», – деді ол.

Ерқанат Әбенов осы мәселе бойынша нормативтік-құқықтық базаны зерттеуді ұсынды, бұл павлодарлық кәсіпкерлерге ет өнімдері нарығында өзге өндірушілермен тең дәрежеде бәсекелесуге мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ тамақ өнеркәсібі өңдеуші кәсіпорындарын ынталандыру шараларын қарастыру қажеттігін айтты.

«Біз, «Атамекен» ретінде, бағаны көтеруді немесе төмендетуді талап ете алмаймыз. Бірақ біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүйелі қолдау шараларын пысықтауымыз керек. Бағаны мемлекет емес, нарық реттеуі қажет және ол қазіргі деңгейден асып кетпеуі тиіс», – деді Ерқанат Әбенов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174