«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері «Халықтық заңгер» акциясына қатысты

2025 жылғы 05 Қараша
- Атырау облысы
311 просмотров

Атырау қаласында «Халықтық заңгер» республикалық акциясы өтті. Іс-шара барысында өңір тұрғындары мен кәсіпкерлері тегін заңгерлік кеңес алды.

Акцияға бақылау-қадағалау органдарының, мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, сондай-ақ Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының құқықтық бөлімінің сарапшылары қатысып, кәсіпкерлерге құқықтық қолдау көрсетті.

Акция Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының бастамасымен өткізіліп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған.

Атырау облысының прокуроры Мадияр Басшыбаевтың айтуынша, шараның басты мақсаты – азаматтар мен кәсіпкерлерге білікті заң көмегіне қолжетімділікті қамтамасыз ету.

«Бас прокуратураның бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде «Халықтық заңгер» республикалық акциясы өтті. Барлық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және қадағалау құрылымдарының өкілдері қатысты. Мақсат – халыққа туындаған кез келген мәселе бойынша толыққанды кеңес беру. Азаматтар кез келген құзыретті органға жүгініп, қажетті түсініктеме ала алды», – деді Мадияр Басшыбаев.

Атырау қаласының тұрғыны Айкен Аманқосқызы акцияның маңыздылығын атап өтті.

«Әлеуметтік желілерден осы акция туралы ақпарат естіп, қатысып көрдім. Облыс прокурорымен кездесіп, сот орындаушылармен туындаған мәселемді айттым. Заңдылығын тексеріп, тиісті шара қолдануға уәде берді. Бұл халық үшін өте пайдалы іс-шара. Мен риза болдым», – деді ол.

Акция барысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері бизнес өкілдеріне құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, тексерулердің өту тәртібі, әкімшілік шараларды қолдану, мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу және еңбек заңнамасы бойынша кеңес берді.

«Мұндай іс-шаралар бизнеске өзекті сұрақтарына жедел жауап алуға мүмкіндік беріп, кәсіпкерлік қауымдастық пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы диалогты нығайтады», – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Орынжан Рзабеков.

«Халықтық заңгер» акциясы 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Іс-шара азаматтар мен бизнестің құқық қорғау институттарына деген сенімін арттыруға және қоғам мен мемлекеттің арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етуге бағытталған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174