«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Taxi Forum Kazakhstan 2025 форумында жаңа Салық кодексі мен оның такси саласына әсері талқыланды

2025 жылғы 05 Қараша
677 просмотров

«Атамекен» ҰКП-ның басты міндеті – бизнестің мүддесін қорғау және ымыралы шешім табу.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін салық реформасы Taxi Forum Kazakhstan 2025 форумының басты талқыланған тақырыбы болды. Такси нарығының сарапшылары мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері тарифтердің күрт өсуі күтілмейтінін атап өтті, алайда жаңа салық ережелерінің енгізілуі мен жалпы экономикалық өзгерістер аясында жол жүру құнының біршама қымбаттайтынын жеткізді.

Форумда жаңа кодекс бойынша бірқатар маңызды жетістіктер атап өтілді:

  • оңайлатылған декларация режимі үшін тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі 795-тен 44-ке дейін қысқартылды. Бұл такси қызметін қоса алғанда, шағын бизнес үшін оңайлатылғанн режимді сақтауға мүмкіндік береді;
  • 2026 жылдан бастап ел салық салудың сервистік моделіне көшіп, автоматтандырылған бақылау енгізілмек, бұл әкімшілік қысымды азайтады.

«Жаңа Салық кодексінде жұмыс ең алдымен бизнеске ыңғайлы болатындай етіп жүргізіледі, өйткені бұл экономиканың және еліміздің болашағы үшін оң әсер етеді», — деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.

Оның айтуынша, «Атамекен» ҰКП шағын және орта бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында Салық кодексі бойынша жұмысты жалғастырады.

Қазір бизнесті ең көп алаңдатып отырған мәселе – жалпыға бірдей белгіленген режим мен арнайы режимді қатар қолданғанда шегерімдерге тыйым салу болып отыр.

«Шынында да, бұл мәселе бойынша бізге бизнес тарапынан өте көп өтініштер түсіп жатыр. Көптеген кәсіпкерлер түрлі себептермен жаңа кодекс бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардан бейхабар болған, сондықтан олар бұл нормалардың салдарын енді ғана түсіне бастады. Біз осы сұрақтарды жинақтап, салалық ерекшеліктерді ескере отырып, Үкіметке кездесу өткізу туралы ұсыныс жолдадық», – деді спикер сұрақтарға жауап бере отырып.

Сондай-ақ, ол ҰКП-ның басты міндеті – бизнестің мүддесін қорғау екенін атап өтті:

«Біздің мақсат – Үкімет және Парламентпен бірлесе отырып, барлық тәуекелдерді мұқият қарап, мемлекеттің және шағын бизнестің мүддесін тең ұстайтын оңтайлы шешім табу».

 Сондай-ақ, Жаркенов такси саласындағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесіне де тоқталды. Әңгіме екі салық режимін қатар қолдануға тыйым салу туралы болып отыр. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың арнайы салық режимін оңайлатылған декларация негізіндегі салық режимімен қатар қолдануға болмайды.
Жаңа нормаларға сәйкес, мысалы, арнайы режимде жұмыс істейтін шағын дүкен иесі кешкі уақытта такси қызметімен қосымша айналысса, екі салық режимінде қатар бола алмайды. Таксистерге енді толықтай не өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режиміне, не оңайлатылған декларация негізіндегі салық режиміне көшу қажет.

«Бастапқыда бұл норма Мәжілісте Үкіметпен келісілген болатын, бірақ Сенатта Үкіметтің ұстанымы өзгерді. Соның салдарынан саудамен және такси қызметімен айналысатын кәсіпкер жалпыға бірдей тәртіпке өтіп, барлық кірістен толық салық төлеуге мәжбүр. Бұл Яндекс сияқты жеке тұлғалармен жұмыс істейтін платформалардың моделіне де әсер етеді», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, мұндай жағдай жеке тұлғалар үшін түсініксіз механизм тудырып, көлеңкелі экономикаға кету қаупін арттырады.

2026 жылы такси тарифтері қандай болады?

Агрегаторлар мен таксопарктердің өкілдері баға өсуі елдегі жалпы инфляция деңгейіне сай болатынын болжады.

«Біз елдегі жалпы инфляциялық үрдістер және қызметтер мен тауарлардың қымбаттауымен қатар қозғаламыз. Бірақ тарифтердің бірнеше есе өсуі күтілмейді», – деді форумда Таксопарктер қауымдастығының төрағасы Мейрам Абелкасов.

Яндекс Такси Қазақстан компаниясы директорының орынбасары Руслан Саитовтың айтуынша, салық өзгерістерінің нақты әсерін олардың күшіне енгеннен кейін ғана бағалауға болады. Баға әрқашан сұраныс пен ұсыныс заңына сәйкес қалыптасады.

Осылайша, баға келесі факторлардан тұрады:

  • негізгі шығындар: отыру құны, шақырым мен минут құны;
  • динамикалық баға белгілеу: сұраныс пен ұсынысты теңестіру үшін қолданылатын көбейткіш коэффициент.

Яндекс Такси өкілі маусымдық әсерге де назар аударды – жаз мезгілінде жүргізушілердің бір бөлігі басқа салаларға кететіндіктен, ұсыныс азайып, бағалар өседі.

Сонымен қатар, сарапшылар экологиялық көліктің маңызы артып келе жатқанын айтты. Яндекс Таксидің сарапшысы Алина Ниязованың дерегінше, «Электро» тарифіндегі электромобиль жүргізушілері қазірдің өзінде «Комфорт+» тарифіндегі әріптестерінен көбірек табыс табуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174