Атырауда «Кәсіби маман» республикалық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырған «Кәсіби маман» республикалық конкурсының өңірлік кезеңіңің қорытындысы шығарылды.
Атырау облысынан конкурсқа 13 өтінім түсті, олардың ішінде – 3 кәсіпорын, 5 колледж және 5 тәлімгер бар.
Конкурстың мақсаты – дуалды оқытуды дамыту, колледждердің тиімді жұмыс тәжірибесін тарату, сондай-ақ оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы серіктестікті нығайту. Байқауға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, кәсіпорындар және Дуалды оқыту жол картасына қатысушы тәлімгерлер қатысты. Сайыс екі кезеңде өтті – өңірлік және республикалық.
«Өңірлік конкурстық комиссияның бағалауы бойынша үш номинацияда жеңімпаздар анықталды. «Кадр даярлауға қатысушы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ жеңімпаз атанды. «Жұмысшы кадрларды даярлайтын үздік колледж» – С. Мұкашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі. Ал «Өндірістің үздік тәлімгері» аталымында «АтырауПромВентиляция» ЖШС-нің басшысы Ольга Чигрина жеңіске жетті», – деді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Амангелді Иманов.
«Ембімұнайгаз» АҚ мен Атырау политехникалық колледжі өкілдерін марапаттау оқу орнының 95 жылдығына арналған «Дәстүр мен даму» іс-шарасы аясында өтті. Айта кетерлігі, бұл оқу орны 1930-жылдары «Ембімұнайгаз» кәсіпорны тарапынан өз мамандарын даярлау үшін құрылған, сондықтан «Атамекен» ҰКП-ның марапаты ерекше символдық мәнге ие болды.
.jpeg)
«Кәсіби маман» конкурсының республикалық кезеңінің жеңімпаздары желтоқсан айының басында жарияланады. Салтанатты марапаттау рәсімі Астанада өтеді.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: