«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Атырауда Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысы шығарылды: бизнес кадр даярлауға белсенді атсалысуда

2025 жылғы 22 Желтоқсан
- Атырау облысы
282 просмотров

Атырау облысында Жұмысшы мамандықтар жылына арналған қорытынды салтанатты кеш өтті. Облыс әкімі Серік Шапкенов еңбек беделін арттыруға және кәсіби шеберлікті дамытуға үлес қосқан үздік мамандарды, педагогтарды, өндірістік кәсіпорындар өкілдері мен кәсіпкерлерді марапаттады.

Іс-шара барысында өңір басшысы жұмысшы мамандықтардың экономика мен бизнестің тұрақты дамуындағы шешуші рөлін атап өтті.

«Заманауи ғимараттардың салынуы, көшелерді жарықтандыру, тіпті қарапайым тазалықтың сақталуы – мұның бәрін күн сайын жұмысшы мамандық иелері атқарып келеді. Сондықтан да Президент ағымдағы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Жыл бойы біз жұмысшы мамандықтарды жүйелі түрде насихаттап, дәріптедік. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа бұл мамандықтардың сырттай қарапайым көрінгенімен, маңызы зор әрі қоғамдағы беделі жоғары екенін көрсеттік. Бүгінгі іс-шара – бір адамды немесе бір мамандықты марапаттау ғана емес. Бұл – осы салада еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға бүкіл ел атынан білдірілген алғыс, оларға деген шынайы құрмет пен еңбектерін мойындау», – деді облыс әкімі Серік Шапкенов.

Іс-шара барысында жыл қорытындысы бойынша өңірде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен нақты сектор кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимылдың айтарлықтай нығайғаны айтылды. Бұл кәсіпкерлер үшін өндірістің нақты сұраныстарына сай кадр даярлау мүмкіндігін кеңейтеді. Студенттер өндіріс орындарында тікелей тәжірибе жинақтайтын дуальды оқыту жүйесі кеңінен енгізілуде. Құрылыс саласында колледждер альянсы құрылып, бірқатар оқу орындарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Сонымен қатар облыс мектептерінде 30 бейінді сынып ашылып, бұл бизнестің кадрлық резервін мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыруға жол ашты.

Аталған бағытта Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасының да белсенді жұмыс атқарып отырғанын атап өткен жөн. Палата бизнес, колледждер мен оқу орталықтары арасындағы байланыстырушы буын ретінде жұмыс берушілердің сұраныстарын ескере отырып білім беру бағдарламаларын қалыптастыруға қатысады, дуальды оқытуды дамытуға, өндірістік тәжірибе мен кәсіпорындардағы тағылымдамаларды ұйымдастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар дуалды оқыту аясында Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламалары жүзеге асырылып, бұл жұмыс істеп тұрған бизнестің кадрға деген қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді.

Іс-шара аясында халықаралық және республикалық WorldSkills, EuroSkills, MedSkills және басқа да кәсіби шеберлік чемпионаттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізген үздік түлектер мен студенттерге облыс әкімінің алғыс хаттары және номиналы 500 мың теңге болатын арнайы ақшалай сертификаттар табысталды. Бұл марапаттар жас мамандарға нақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіби тұрғыда одан әрі өсуіне ынталандыру болды.

Сондай-ақ жұмысшы кадрларды даярлауға белсене қатысып жүрген педагогтар, өндірістік кәсіпорындар өкілдері мен кәсіпкерлер облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қосқан үлесі өңірлік бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Атырау облысы экономикасының тұрақты дамуына қажетті білікті жұмыс күшін қалыптастыруға ықпал етеді.


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174