«Еңбек адамы – ел мақтанышы»: Абай облысында Жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланды
Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Абай облысы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Ес-аймақ» рухани-мәдени орталығында Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылауға арналған «Еңбек адамы – ел мақтанышы» атты салтанатты жиын өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесін саралау, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы жетістіктер мен жаңа бастамаларды көпшілік назарына ұсыну, сондай-ақ еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін арттыру.
Салтанатты жиынға Абай облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары А.А. Құрманова, Абай облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Р.Р. Адамбаев қатысып, жұмысшы мамандықтарды даярлауға белсенді атсалысып жүрген жұмыс берушілерге, колледж педагогтері мен әлеуметтік серіктестік өкілдеріне және жұмысшы мамандарға алғыс білдірді. Палата директорының орынбасары Р.Р. Адамбаев өз сөзінде өңір экономикасының дамуы білікті жұмысшы кадрларға тікелей байланысты екенін атап өтіп, бизнес пен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасындағы әріптестікті нығайтудың маңызына тоқталды.
.jpeg)
Жиын барысында Жұмысшы мамандықтар жылына арналған жоспардың орындалу барысы таныстырылып, өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жетістіктері мен үздік тәжірибелері көрсетілді. Сонымен қатар дуальды оқыту жүйесін дамыту, жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастық орнату, студенттердің еңбек нарығына бейімделуі секілді өзекті мәселелер талқыланды.
Шара аясында жұмысшы кадрларды даярлауға елеулі үлес қосқан жұмыс берушілерге, өндірістік тәжірибе жетекшілері мен колледж педагогтеріне, әлеуметтік серіктестерге және «Кәсіби маман» байқауының жеңімпаздарына алғыс хаттар табысталды.
Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Білім басқармасы алдағы уақытта да жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға, еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыратындықтарын айтты.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: