«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Нәзік жандарға – батыл көмек

2016 жылғы 18 Тамыз
- Қостанай облысы
5850 просмотров

Қостанай облысы Іскер әйелдер кеңесі Арқалықтың қос тұрғынына өз бизнесін одан әрі дамытуға жәрдемтесті. Олар қолайлы пайыздық көрсеткіштері бар несиеге қол жеткізіп, қажетті кеңестер алды

Ғалия Ерғалиева перде тігумен 13 жыл бойы айналысып келеді. Клиенттерден түсетін тапсырыс көп болғандықтан, сұранысты толығымен қанағаттандыру мақсатында шебер цехқа тігін машиналарын алуға кіріскен. Кәсіпкердің есебінше, ол өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етпек.

Гүлзира Сейдаханова, өз кезегінде, құрылыс материалдарын сататын ірі дүкендердің бірінің басшысы болып табылады. Тауарларды сатып алушылардың көңілінен шығу үшін, ол өз бизнесін кеңейтіп, өнім ауқымын жаңартуды мақсат еткен.

Екі жағдайда да нәзік жандар өңірлік шағын және орта бизнесті қаржыландыру бағдарламасын қолдану үшін «Халық банкіне» несие алуға жүгінген. Филиал жетекшісі – Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлмира Ахметова кәсіпкер әйелдерге бірден көмек қолын созады. Оларға 5 және 8 млн теңге көлеміндегі несие берілген.

«Бұл жобаларға бірауыздан қолдау көрсеттік, материалдармен жеке өзім танысып шықтым. Қуантарлығы, бастаманы нәзік жандар қолға алуда, бұл өз кезегінде, олардан зор жауапкершілікті талап етеді. Себебі, бұл тек күнкөріс қамы ғана емес, мұнда біршама жандарды жұмыспен қамту мәселесі де бар. Сол себепті, Кеңес жобаларды өз қарамағына алады және қажет көмекті көрсетуге әзір екенін айтады. Аталған бағдарлама бойынша, несиенің пайыздық көрсеткіштеріне келер болсақ, олар өте тиімді: жылына 8,5%,  84 айға дейін төлейді», – дейді Гүлмира Ахметова.

Бұл Іскер әйелдер кеңесі қолдау көрсеткен жалғыз жоба емес. Осы жылдың көктемінде облыс орталығында алғаш «TasHous» хостелі ашылды. Кеңес мүшелері кәсіпкердің уақытша баспанаға аса  мұқтаж азаматтарды бюджеттік бағдарламалар бойынша қамтамасыз ету мәселесіне қатысуына жол ашып,  жобаға қолдау көрсетті.

Іскер әйелдер кеңесі Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының жанынан 2015 жылы ашылған. Бірлестіктің басты мақсаты – қыз-келіншектерді бизнеске тарту, олардың кәсіби біліктілігі мен мансаптық өсуіне тең мүмкіндіктер жасау. Кеңес мүшелігіндегі кәсіпкерлер, бүгінде, келелі мәселелер төңірегінде кеңестер берумен айналысып келеді. Олардың арасында экспорттық әлеуеттің кеңеюі және жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктеріне қатысты мәселелер де бар. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер