«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Кеншілер мекені өз өнімдерімен мақтанады!

2016 жылғы 31 Тамыз
- Қарағанды облысы
11032 просмотров

«Қазақстанның үздік тауары-2016» көрме-байқауында қарағандылықтар жаңа брендтерге тап болды

Жас дизайнер Ульяна Крылова қуыршақ үйлер жасайды. Оның шеберханасы бұл көрмеге бірінші рет қатысып отыр, сол себепті бұл өнімге ықылас зор болды. «Біздің шеберханамыз өз жұмысын бар болғаны екі ай бұрын бастады. Біз өндірісте қайың шерелерін (фанера) қолданамыз, бұйымдарды су қосылған, уытсыз акрил гипоаллергенді бояулармен бояймыз. Қазірдің өзінде қажетті сәйкестік сертификаттарының барлығын алдық, яғни, өнімдеріміздің қауіпсіздігі мақұлданған. Әзірше ойыншықтарды интернет арқылы сатудамыз – әлеуметтік желілердегі сауда дүкендерге қарағанда жақсы жүреді. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алғаннан кейін тауар көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», – дейді шеберхана жетекшісі.

Байқаудың тағы бір жаңа қатысушысы – теміртаулық жеке кәсіпкер Вячеслав Муромцев аяқ киім тігумен айналысады. Өңірдің басқа да көптеген жеңіл өнеркәсіпшілері сияқты, Вячеслав та жұмысты өнеркәсіп орындарының тапсырыстарын орындаудан бастаған, кейін үлкен нарыққа шықты. «Әлі күнге дейін біз негізінен арнаулы аяқ киім тігеміз – зауытта жұмыс істейтіндерге, құрылысшыларға арналған, би ұжымдарымен бірлесіп жұмыс істейміз, оларға кез-келген үлгідегі би аяқ киімдерін дайындаймыз. Біз шопандарға және «Көкпар» ұлттық ойынына арналған етіктер сияқты баяғыда ұмыт болған аяқ киім түрлерін тігуді жаңғырттық. Балаларға арналған ортопедиялық және ересектердің күнделікті аяқ киімдерін тігуге де көп көңіл бөлінеді», – деп шебер өз өнімдерін көрсетті.

Сарандық «Sunpaper» ЖШС таяу уақытта қағаз гигиеналық өнімдердің танымал өндірушілері үшін лайықты бәсекелес болайын деп тұр. Жұмыс істегеніне көп уақыт өте қоймаса да, кәсіпорын өзін жақсы жағынан көрсетіп үлгерді – ол коммерциялық банктер, «Қазақстан темір жолы» іспетті ірі ұйымдардың жеткізушісі болып табылады. «Қазақстанның үздік тауары» байқауына екінші жыл қатысып отырған компания сарапшылар тарапынан мойындалып, «Тұрғындарға арналған үздік тауар» аталымында екінші дәрежелі дипломға ие болды.

Қарағандылықтар үшін тағы бір жаңалық Осакаров ауданынан келген «Евразия Инвест Ltd» компаниясы болды – бұл құрғақ бие сүтін өндіруді іске қосқан еліміздегі бірден-бір кәсіпорын. Көрмеде әзірге тек шетелдерге жеткізілетін өнімдер көрсетілді, себебі ішкі нарық табиғи қымызбен қамтамасыз етілген. Компания «Үздік азық-түлік тауары» аталымында екінші дәрежелі диплом алды.

Ұлытау ауданы бәйгеге «Бас көн» компаниясын қосыпты – олар талқан мен қазақтың ұлттық десерті – жент дайындайды. Өнімдер әзірше Жезқазған өңірінің тұрғындарына ғана танымал, бірақ кәсіпорын басшысы Шаяхмет Үмбетов жуық арада бүкіл облысты дәмді тағамдармен қамтамасыз етуге ниетті. «Талқан – ерекше өнім, тойымды әрі пайдалы. Ол көшпелілердің маңызды тағамдарының бірі болған: тез тойғызады және жолаушыға ұзақ жолда әл-қуат береді. Бұл қант диабетімен, бауыр ауруларымен, аллергиямен ауыратындар үшін таптырмас тағам. Сондай-ақ, талқанды арықтау бағдармаларына қосуға болады!», – деп Ш.Үмбетов өз өнімінің құпиясымен бөлісті.

Қарағанды облысы тұтынушыларының таңдап алатын өнімдерінің қатары барған сайын артып келеді. Енді өңірде азық-түліктің, халық тұтынатын тауарлардың барлық түрі дерлік бар – киімдер мен аяқ киімдерден бастап ойыншық пен жиһазға дейін; сөмкелер мен әшекей бұйым өндірушілері тағы бар. Мысалы, ерлі-зайыпты Қайыржановтар жергілікті тауарларды назардан тыс қалдырмайды, олар тек қарағандылық өндірістің өнімдері мен заттарын сатып алады. «Жалпы, мұнда тұрған еш қиындық жоқ. Дастарханымыздағының бәрі өзіміздікі, қыстық және жаздық киім, балалардың аяқ киімдері – жергілікті фабрикаларда тігілген, велосипед те біздің өндірушіден, жиһаз туралы айтпасақ та болады. Тек кілемдер ғана Шымкенттікі», – дейді отағасы Рустам.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер