«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Зияткерлік инвестиция тарту маңызды

2016 жылғы 08 Қыркүйек
- Қостанай облысы
10452 просмотров

Қостанайдағы автоөнеркәсіп сапаның жаңа көрсеткішіне шығу үшін шетелден «зияткерлік инвестиция» тартуға дайын

Жергілікті кәсіпкерлер өңірге жұмыс барысымен келген, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасының басшысы Антонио Соммаға өз бастамаларын таныстырды.

Кездесу Кәсіпкерлер палатасында өтті. Шетелдік қонақтардың бағалауы бойынша, кездесу ерекше сипатқа ие болды. Олардың мақсаты – салалар бойынша облыстың экономикалық әлеуетін, инвестициялар ағымына кедергі келтіретін мәселерді анықтау, және Үкіметке оларды шешу жолдары бойынша өз көзқарастарын жеткізу.

Бірінші кезекте, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов делегация өкілдеріне интерактивті «Өңірлік даму картасын» таныстырды. ҰКП жобасы шетелдік инвесторларға онлайн режимде Қазақстанның әрбір өңірінің жағдайын бағалауға мүмкіндік беру үшін арнайы жасалған.

«Карта салалар бойынша мамандандырылған. Біздің облысымызда – бұл агроөнеркәсіп, жер қойнауын пайдалану, машина жасау салаларын дамыту болып отыр. Бұл жерде өңірдің климаттық жағдайы, халық саны, сондай-ақ секторлар бойынша барлық экономикалық көрсеткіштері қамтылған. Картаға 14 мыңға тарта кәсіпорын енді. Оған қоса, біз жақын арада жүзеге асатын жеті инвестициялық жобаны анықтадық», – деп атап өтті Мұрат Әбенов.

Антонио Сомма автокөлік саласының жетістіктерімен жеке танысты.  «СарыарқаАвтоПром» ЖШС директорының орынбасары Наталья Ли автокөлік құрастыру технологиясы туралы, кәсіпорында шығарылып жатқан үлгілер туралы баяндап берді және компанияның алдағы жоспарларымен таныстырды. Заңнама тұрғысынан болатын кедергілер туралы сұрағанда, ол бұл кемшіліктердің жойылғанын, немесе жойылу сатысында тұрғанын түсіндірді. Ал инвестиция тарту жоспарына келгенде, міндетті түрде ақшалай болмаса да, олардың керек екенін атап өтті.

«Біздің кәсіпорын нарықта ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келеді. Және де қазір мамандарымыздың біліктілігін арттырып, олардың шетелдіктермен тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету үшін, бізді бәрінен де зияткерлік инвестиция қызықтырып отыр. Менің ойымша, бұл көптеген мәселелерді, соның ішінде кәсіпорынның экологиялық еуростандарттарға сәйкестендіруге көмектеседі. Егер жалпы тоқталып өтетін болсақ, біздің өнім Қазақстан нарығының көп бөлігін қамтып отыр. Мысалы, қосалқы бөлшектерден бастап біріздендірілген үлгілерді жасауға дейін. Сол себепті біздің шетелдік кәсіпорындармен бірлесу мәселесін қарастырып отырғанымыз қалыпты жағдай», – деді Наталья Ли.

Естеріңізге сала кетсек, Антонио Сомма басшылық етіп отырған бағдарлама Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдері экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Ол мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға қажетті ең тиімді тәсілдерін анықтау үшін ЭЫДҰ құралдарын пайдаланады.  Өткен жылы дәл осы мақсатпен делегация Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарын аралаған болатын. Жұмыс сапарының қорытындысында, бүгінде ҚР Үкімет қарауында жатқан, түйінді есеп дайындалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер