«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Республика бойынша 20 мың жасты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарлануда

2021 жылғы 17 Маусым
- Алматы қаласы
13121 просмотров

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов еңбек нарығы, трендтер, жұмыспен қамтудың жаңа нысандары және кадрларды даярлауға қойылатын жаңа талаптар туралы айтып берді.

Қалалық форматтағы «QAYNAR BULAQ – Алматының қайнау нүктесі» атты бірінші халықаралық кеңістікте «Өмір бойы білім беру» блогында Палата басшысы сөз сөйледі.

«QAYNAR BULAQ - Алматының қайнау нүктесі»  - бұл білім беру, ғылым және бизнес салаларының өкілдерін, ғалымдарды, студенттерді, кәсіпкерлерді, мемлекеттік қызметкерлерді, қоғамдық ұйымдардың мүшелерін, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен кәсіби қоғамдастықтарды, журналистерді, үкіметтік емес ұйымдар мен белсенді азаматтарды өз алаңында біріктіретін AlmaU базасындағы қалалық форматтағы креативті кеңістік.

Палата директорының айтуынша, «Атамекен» ҰКП 2018 жылдан бастап ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасуына талдау жүргізіп келеді. Өткен жылдармен салыстырғанда ағымдағы жылы жұмысқа орналастырудың орташа пайызы 3%-ға төмен. Мысалы, 2018 жылы жұмысқа орналастыру деңгейі 70%-ды, 2019 жылы 74%-ды, 2020 жылы 71%-ды құрады, оның ішінде 61%-ы зерттеу кезеңінде тұрақты жұмыспен қамтылған.

«Колледж түлектерін жұмысқа орналастыруды талдау республика бойынша жұмысқа орналастыру деңгейі 59%-ды құрағанын көрсетті. Оның ішінде, 46%-ы тұрақты зейнетақы аударымы бар, түлектердің орташа жалақысы 74 935 теңге құрады»,- деп тұңғыш халықаралық Қайнау нүктесі Кеңістігі аясында өткен іс-шарада Айтуар Қошмамбетов бөлісті.

Жастардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру үшін Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы-2020» қабылданды. Оқыту жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, сонымен қатар халықты жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және жаппай кәсіпкерлікті дамыту шараларының бірі болып табылады. Осы себепті «Бастау Бизнес» жобасын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Атамекен жүзеге асыруда.

«2019 жылдан бастап «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған 140 мың тыңдаушының 44%–дан астамы 17-ден 29 жасқа дейінгі жас санатының өкілдері болып табылады. Олардың 19 мыңы өз ісін ашты. Ағымдағы жылы біз 30 мың жұмыссыз, атап айтқанда 20 мың NEET санатындағы жастарды, жас отбасы мүшелерін оқытуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз - оқытылғандардың кемінде 30%-ы өз бизнесін ашуы немесе кеңейтуі», - деді Палата басшысы.

Алматы қаласының Кәсіпкерлер Палатасы 2021 жылы 19 оқу орталығын ашты, 2017 жылдан бастап «Атамекен» ҰКП Білім беру ұйымдарының тізіліміне техникалық және қызмет көрсету еңбегі кәсіптері бойынша кәсіптік даярлау, біліктілікті арттыру мақсатында 107 оқу орталығы енгізілді. Кәсіпкерлер оқу орталықтарын ашуға жоғары қызығушылық танытады, себебі олардың білікті кадрларды «тапсырыс бойынша» дайындауға және қайта оқытуға мүмкіндігі бар.

«Қосымша және сабақтас мамандықтарды меңгеру жұмыс іздеушіге қызықты және жақсы төленетін жұмысқа орналасуға көбірек мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оқу кезеңінде әрбір тыңдаушы 20 949 теңге көлемінде стипендия және курстан өткені туралы куәлік алады», - деп жалғастырды Айтуар Қошмамбетов.

Сонымен қатар, Палата директоры жастар бизнесті ашу, қалыптастыру және дамыту үшін, оның ішінде сарапшылардың консультациялары, табысты бизнесмендердің тәжірибесі арқылы қажетті құзыреттерді ала алатын алаңдар желісін құрудың маңыздылығын атап өтті.

«Алматы қаласы Кәсіпкерлер Палатасы білім беру ұйымдарымен ЖОО жанында шағын ХАБ құру бойынша келіссөздер жүргізуде. Бүгінгі таңда «Тұран» университетінде ХАБ ашылды, сондай-ақ басқа да жоғары оқу орындарымен кездесулер өтті. Олардың барлығы ынтымақтасуға дайын», - деп өз сөзін Айтуар Қошмамбетов аяқтады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер