«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Қызылордада жеке колледжде оқитын оқушылар бірнеше жылдан бері әлеуметтік төлемнен қағылып келеді

2023 жылғы 29 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
7180 просмотров

Қызылордада жеке колледжде оқитын оқушылар бірнеше жылдан бері әлеуметтік төлемнен тыс қалып келеді. Палатаға шағымданған 9 жеке колледжде биылдың өзінде әлеуметтік осал топқа жататын 1431 бала бар екен. Оның 76-сы мүмкіндігі шектеулі. Ал 1335 оқушы облыс орталығына басқа елдімекендерден келіп оқып жатыр.

Бұл мәселе Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты Кеңесінің білім саласы кіші кеңесінде қаралды.

Шараға Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық, жеке колледж және облыстық білім басқармасының өкілдері қатысты.

Кеңес отырысында жеке колледждердің өкілдері мемлекеттік колледжде оқитын оқушыларға төленіп жатқан әлеуметтік төлем жеке колледждің білім алушыларына қолжетімсіз болып отырғанын жеткізіп, мәселені шешуге көмек сұрады.

Бұл жерде мәселе мынада. Колледждерде басқа елді мекендерден келіп оқитын мемлекеттік тапсырыспен білім алушыларға жол ақысы төленуі керек. Ал осал топтағы оқушылар ыстық тамақпен қамтылып, мүмкіндігі шектеулі оқушыларға қосымша төлемдер жүргізілуі тиіс.

Оған негіз Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысы, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің № 497 бұйрығы.

Бұл әлеуметтік төлемдерге қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылуы қажет. Мемлекеттік колледже оқитын балаларға ол қолдаумен толық қамтамасыз етілген. Ал жеке колледждерге осы уақытқа дейін бір тиын да төленбеген.

«Біз аудан, ауылдан облыс орталығына келіп оқитын білім алушыларымыз үшін жол ақыны өз қалтамыздан төлеуге мәжбүрміз. Неге жеке колледжде оқып жатқан балалардың құқығын шектейміз? Біздің оқушыларымыздың ата-аналары қайта-қайта келіп наразылықтарын білдіріп жатыр. Оларға не деп жауап береміз?», – деді Абылайхан атындағы жоғары колледжінің құрылтайшысы Руслан Дүлдүл.

Облыстық білім басқармасының өкілі Светлана Шамшатова жеке колледждер нормативтік құжатта көрсетілмегеннен кейін қаржы бөлуге негіз болмай отырғанын жеткізген еді.

Оған Руслан Дүлдүл № 320 қаулыда шектеу жоқ екенін айтты.

«Бұл бағыттағы нормативтік-құқықтық құжаттардың барлығын толық зерттеп шықтық. Онда тек мемлекеттік колледждердің оқушыларына ғана төленсін деген шектеу жоқ. Жан басына шаққандағы мемлекеттік қаржыландырудың басталғанына да үш жыл болды. Әлеуметтік төлемдер үшін мемлекеттік колледждерге жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп отырғанынан хабардармыз. Сол үшін бұл қаржыны жеке колледждерге де қарастыруларыңызды сұраймыз», – деді білім саласы кіші кеңесінің жетекшісі Руслан Дүлдүл.

Сонымен бірге шарада Байқоңыр қаласындағы жеке колледждердің де мәселесі қаралды. Кәсіпкер Әнуар Дәуленбаев Байқоңырдың ерекше статусына орай жан басына шаққандағы қаржыландыру қаралған нормативтік құжатқа өзгеріс енгізуді ұсынды.

«Байқоңыр қаласында коммуналдық шығындар Ресей рублімен есептеледі. Рубль бағамы түссе қуанамыз, көтерілсе мүлдем шығынға ұшыраймыз. Осы орайда Байқоңыр қаласына қатысты бөлек тариф па, норматив па бекітіп берсе екен», – деді ол.

Отырыстың қорытындысында кеңес мүшелері әлеуметтік төлем үшін жеке колледжде оқитын білім алушыларға қаржы қарастыру жөнінде облыс басшысы мен мәслихатқа, Байқоңыр қаласының мәселесіне қатысты Оқу-ағарту министрлігіне ұсыныс жолдау жөнінде шешім шығарды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер