«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Өңір кәсіпкерлері «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында Жапония елінде бизнес-тағылымдамадан сәтті өтуде

2025 жылғы 17 Наурыз
- Қызылорда облысы
309 просмотров

14-15 наурыз аралығында Жапонияның JICA халықаралық ынтымақтастық агенттігінің бас сарапшысы Сатоши Цудзын Қызылорда өңіріне іссапармен келді.

Сапар мақсаты «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып жатқан «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында Жапония елінде бизнес-тағылымдамадан өткен кәсіпкерлермен кездесу.

14 наурыз күні жапондық қонақ ең алдымен Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына келді. Палата директоры Пірмұхаммед Сыздық Сатоши Цудзынды палатаның қызметкерлерімен, бөлімдерімен және атқаратын қызметімен таныстырды.

Айта кетейік, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып жатқан «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында 2024 жылы Жапония Халықаралық ынтымақтастық агентігінің (JICA) ұйымдастырумен «Абзал и К» ТС –нің өкілі Ербатыров Азат және «Асыл Дән» ЖШС-нен еншілес «Асыл Тред» компаниясының директоры Жомартова Баян Жапония елінен бизнес-тағылымдамадан өтіп келген болатын.

Осы ретте Сатоши мырза алдымен «Абзал и К» толық серіктестігінде болып, Жапония елінен бизнес-тағылымдамадан өтіп, «Күріштің жаңа сорттарын өсірудің технологиялары мен әдістері» жобасына шағын грант жеңіп алған «Абзал и К» ТС-нің агрономы Ербатыров Азаттың күріш өсіру технологиялары тақырыбындағы семинарына қатысты. Азатпен қатар, бірқатар сала мамандары семинарға үлестерін қосып, пайдалы ақпаратпен бөлісті. Шара барысында барлық қатысушы сертификат иеленіп, цех жұмысымен танысты.

15 наурызда Сатоши Цудзын кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен бірге «Асыл Дән LTD» ЖШС-де болып, бизнес тағылымдамадан өткен екінші кәсіпкер Баян Жомартовамен кездесті. Әрі қарай олар мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы мамандармен пікір алмасты.

Қазіргі таңда «Асыл Дән LTD» компаниясы тұтынушыларға жоғары сапа стандарттарын ұсына отырып, күріш өсіру және өңдеу саласында ерекше жетістіктерге жеткен мекеме. Іскерлік байланыстар» жобасы бұл кәсіпорын үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Жоба аясында компания өкілдері тәжірибе алмасып, өз бизнесінің көкжиегін кеңейтуге мол мүмкіндік алды.

Сатоши Цудзынның Сыр еліне сапары кәсіпкерлердің тек ел аймағында ғана емес, халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызды қадам болып табылады.

2025 жылы "Іскерлік байланыстар" құралы аясында Жапония елінде бизнес-тағылымдамадан газ және көкөніс өсіру саласында  жұмыс істейтін компаниялардың басшылары қатыса алады. Толығырақ ақпаратты Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасынан білуге болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер