«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Цифрландыру, ESG, серіктестік: «AMM 2025» мерейтойлық Конгресінің негізгі трендтері

2025 жылғы 05 Маусым
1671 просмотров

2025 жылғы 4-5 маусымда Астанада Еуразияның басты салалық шарасы – 15-мерейтойлық «Astana Mining & Metallurgy – AMM 2025» халықаралық тау-кен металлургия Конгресі мен мамандандырылған көрмесі өтті.

«AMM» жылдар бойы бизнес, ғылым, мемлекеттік құрылымдар мен инвесторларды біріктірген халықаралық платформа ретінде қалыптасты. Биылғы Конгресс тек мерейтойлық мәртебесімен ғана емес, талқыланған тақырыптардың тереңдігімен, қатысушылар санының көптігімен және ұсынылған технологиялардың жоғары деңгейімен ерекшеленді.

 

Ауқымды шара және жаһандық деңгейдегі мойындау

Конгреске «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, жетекші тау-кен компанияларының басшылары және Қазақстан, Ресей, Түркия, Қытай, Өзбекстан, ЕО елдері және басқа да 20 елден келген 1300-ден астам делегат қатысты. Қатысушылардың кең географиясы «AMM-нің» стратегиялық диалог, тәжірибе алмасу және серіктестік орнату алаңы ретіндегі мәртебесін тағы да растады.

Іс-шара аясында Райымбек Баталов NFC Басқарма төрағасы Лю Юймен кездесу өткізіп, түсті металлургия саласындағы екіжақты ынтымақтастық перспективалары мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

 

«AMM» Конгресі: жаһандық сын-қатерлер мен заманауи трендтерге назар

Іс-шараның негізгі бөлігі – мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, салалық қауымдастықтар мен ірі компаниялардың өкілдері қатысқан Конгресс болды. Пленарлық сессияның тақырыбы – жаһандық бәсекелестік пен технологиялық өзгерістер жағдайында ТМК трансформациясы. Цифрландыру, ESG стратегиялары, жасанды интеллекті пайдалану, геосаяси сын-қатерлер және отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері қаралды.

Шараның алғашқы күні ресурстық тиімділік, салалар арасындағы кооперация, техногендік минералдық түзілімдерді (ТМТ) қайта өңдеу және халықаралық ынтымақтастық тақырыптарын қамтыған стратегиялық сессиялар өтті. Канада, Ұлыбритания және Швециямен жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграциялау бойынша кейстер ұсынылды.

Техногендік ресурстарды тиімді басқаруға арналған панельдік сессияда «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова сөз сөйледі. Оның айтуынша, «Атамекен» ҰКП жанынан Тау-кен металлургия кешені (ТМК) мәселелері бойынша тұрақты жұмыс тобы бар. Маңызды жетістіктердің қатарына 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына ТМТ-ны қайта өңдеу және сирек жер металдары секторын дамыту бойынша шаралар енгізілгенін,
жаңа Салық кодексі жобасында ТМТ-ны қайта өңдеу бойынша ПҚӨС үшін көзделген 0,1 төмендету коэффициентін және техникалық қолдау, стандарттау және «жасыл» инвестицияларды тарту бойынша шаралар әзірленіп жатқанын айтуға болады.

Спикердің айтуынша, аталмыш бастамалар Қазақстанды жоғары қосылған құны бар технологиялық тізбектерге интеграциялау және қайта өңдеу экожүйесін дамытуға бағытталған.

Қазақстанда 1700-ден астам ТМТ нысаны бар, олардың жалпы көлемі 55 миллиард тоннадан асады, бірақ қайта өңдеу деңгейі тек 11%-ды құрайды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70-80%-ға дейін жетеді.

Сондай-ақ, «Qarmet» компаниясының $137 млн астам сомаға 10 млн тоннаға дейін қалдықтарды қайта өңдеуге, 1000 жұмыс орнын құруға және экспортты дамытуға бағытталған жобаларын мысал ретінде атап өтті. Алайда, оның айтуынша, жүйелік кедергілер – мемлекеттік және жеке ТМТ арасындағы құқықтық айырмашылықтың болмауы, технологиялар, қаржыландыру, кадрлар тапшылығы және әлсіз ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық база сақталуда.

«Біздің ортақ міндетіміз – ТМТ қайта өңдеуін индустриялық саясаттың бір бөлігіне айналдыру. Ол үшін нормативтік, фискалдық және технологиялық жүйелі қолдау қажет. Бұл жер қойнауын тиімді және жауапты пайдалану қағидатына сәйкес келеді», – деп атап өтті Г. Бижанова.

«AMM 2025» көрмесі: инновациялар мен ілгерілеудің жаңа көкжиегі

Көрмеге Германия, Канада, Қытай, Франция, Швеция және Жапонияны қоса алғанда, 12 елден 50-ге жуық компания қатысты. Тау-кен техникасы, автоматтандыру, экологиялық технологиялар және цифрландыру саласындағы шешімдер ұсынылды.

Көрмеге алғаш рет Alpha-Safety, Asiafilter Inc, Jennmar, Datamine, Sensors One және басқа да компаниялар қатысты. Олардың Қазақстан нарығындағы дебюті «AMM-нің» инновациялар мен кәсіби өзара іс-қимылдың халықаралық орталығы ретіндегі жоғары мәртебесін растады.

Қазақстанның алтын өндірісі: сын-қатерлер, мүмкіндіктер және өсім нүктелері — «AMM 2025» екінші күнінің қорытындысы

2025 жылғы «Astana Mining & Metallurgy – AMM» Конгресінің екінші күні көмір және алтын өндіру өнеркәсібіне арналған салалық сессияларға арналды.

VI Қазақстан алтын өндірушілер форумында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова сөз сөйлеп, алтын өндірісінің ел экономикасы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан алтын өндіру көлемі бойынша әлемнің алғашқы ондығына еніп, барланған қорлар көлемі жағынан да жетекші елдердің қатарында. Алдағы үш жылда салада жалпы құны 780 млрд теңгеден асатын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл – 3 400 жаңа жұмыс орны, 20 млн тоннадан астам кенді қайта өңдеу. Негізгі жобалар ретінде Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Павлодардағы Ертіс гидрометаллургиялық кешені танылады.

«Атамекен» тек бизнестің мүддесін білдіруші ғана емес, заң шығару процесіне де белсене атсалысады. Салалық министрлік, депутаттармен және мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, әрекеттегі келісімшарттар бойынша су айдындары маңындағы кен орындарында өндіріске тыйым салу қаупі жойылды, салық кодексіне геологиялық барлау, қайта өңдеу және инвестицияларды ынталандыруға бағытталған түзетулер енгізілді, эмиссия төлемақы мөлшерлемесін күрт көтеру тоқтатылып, бірқатар кәсіпорындардың тұрақтылығы сақталды.

«Бұл шешімдер конструктивті диалог пен келісілген әрекеттердің нәтижесі», — деді Г. Бижанова.

Спикер атап өткендей, бұл Форумда «Терең өңдеу мен жоғары қосылған құны бар өндірістің болмауы – бұл жай ғана олқылық емес, стратегиялық қателік» деген маңызды месседж айтылды. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі мен қызметкерлердің денсаулығына даерекше көңіл бөлінуі тиіс.

«Өнеркәсіп – адамның қатысуынсыз дамуы мүмкін емес. Сондықтан жұмысшылардың денсаулығы, білім алуы және қауіпсіздігі мемлекеттік те, корпоративтік те саясаттың ажырамас бөлігіне айналуы қажет», – деді ол.

Сөз соңында Гүлнар Бижанова:

«Бүгінде алтын өндіру саласындағы жүйелі сын-қатерлерге бірлесе әрекет ету үшін бірегей мүмкіндік бар. Мақсатымыз – Қазақстанның позициясын сақтап қана қоймай, оны нығайтып, саланы инновациялық, тұрақты әрі бәсекеге қабілетті ету. Форум жұмысы нәтижелі болады деп сенемін. Бүгінгі ашық диалог нақты шешімдердің негізіне айналып, саланың дамуына және еліміздің болашағына қызмет етеді деп сенемін», - деді.

Тұңғыш рет «AMM» аясында Қазақстан зергерлерінің Конгресі өтті. Бұл өз кезегінде өндірушілер, жеткізушілер және реттеушілер үшін жаңа кәсіби алаңға айналды.

«AMM Technology» секциясы цифрландыру мен жасанды интеллект бойынша жетекші сарапшыларды біріктірді. Автоматтандыру, деректерді басқару, цифрлық модельдеу және өндірістік үдерістерді оңтайландыру бойынша шешімдер ұсынылды. Саладағы өзгерістер жағдайында PR, GR және HR тәжірибелеріне арналған сессиялар да үлкен қызығушылық тудырды. Сонымен қатар, «жасыл» технологиялар мен әлеуметтік бастамаларға да ерекше назар аударылды.

 

«Алтын Гефест» – кәсіби жетістіктердің символы

Конгресс аясында ұлттық «Алтын Гефест» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. 15 номинацияны қамтыған байқауда «Жыл маманы», «Үздік цифрлық инновация», «Үздік әлеуметтік жоба» және «Өнеркәсіптік қауіпсіздік» саласындағы жетістіктер атап өтілді. 2025 жыл – елімізде «Жұмысшы мамандықтар» жылы ретінде жарияланғанын ескерсек, бұл марапаттар ерекше маңызға ие болды. Байқаудың бас серіктесі – Eurasian Resources Group (ERG).

Осылайша, «AMM 2025» Қазақстанның тау-кен металлургия саласының стратегиялық халықаралық платформасы ретіндегі рөлін кезекті рет растап, серіктестікті нығайтуға, технологиялық егемендікті дамытуға және тұрақты болашақты қалыптастыруға ықпал етті. «AMM» Конгресі мен көрмесінің жыл сайын өткізілуі саланың жоғары динамикасын ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің, бизнестің және сарапшылар қауымдастығының күш-жігерін біріктіре отырып, алдағы жылдарға даму бағытын белгілейді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер