«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Шекарадан өту тәртібі жаңарды: тасымалдаушылар нені білуге тиіс?

2025 жылғы 21 Қазан
835 просмотров

«Атамекен» мен МКК отандық экспорттаушыларға қатысты өзгертулерді талқылады.

Жуырда Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдерінің кездесуінде кеден әкімшілігі, логистика және тасымалдау саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.

Жиынға көлік және кеден саласындағы қауымдастықтар, оның ішінде Қазақстан кедендік делдалдарының (өкілдерінің) ассоциациясы, ҚазАТО және автотасымалдаушылар одақтары қатысты.

Негізгі мәселе ретінде автоматтандырылған «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесінің (ЭКЖ) жұмысы қаралды. Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылғы 23 қыркүйекте күшіне енген жүйенің тәртібі пен тиімділігін арттыруға бағытталған өзгерістер туралы мәлімдеді.

Осы жылдың ішінде енгізілген кепілдік қамтамасыз ету механизмі рәсімделген броньдардың 40%-нан астамын пайдаланбайтын жосықсыз тасымалдаушыларға қарсы қабылданған. Егер тасымалдаушы 90 күн ішінде екі рет өткізу пунктіне келмесе, кепілдік қаражат бюджетке аударылады. Басқа жағдайларда қаражат автоматты түрде қайтарылады.

Тасымалдаушыларға бұрын броньдаған кезегін бір рет басқа күнге және уақытқа қайта өзгерту құқығы берілді, бірақ екінші рет бронь жасауға тыйым салынған.

Басым санаттағы жүктерге, оның ішінде отандық экспорттаушылар үшін квотасы ұлғайтылған арнайы дәліздер енгізілді. Оларға тез бұзылатын тауарлар, жануарлар, қауіпті жүктер және гуманитарлық көмек жатады.

Фотофиксация, көлік пен жүргізушіні мемлекеттік дерекқор негізінде, соның ішінде VIN-кодтар мен сақтандыру деректері арқылы автоматты тексеру енгізілді.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 26 мамырдан бастап әртүрлі бағыттарда параллельді бронь жасау мүмкіндігі іске қосылды, бірақ әр көршілес ел шекарасында бір ғана белсенді бронь болуға тиіс.

Жергілікті атқарушы органдарға өткізу пункттері маңында жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында күту аймақтарын ұйымдастыру міндеті бекітілді.

МКК бұл өзгертулер өткізу құқығын шектемейтінін, тек инфрақұрылымға ашық тәртіп пен әділ қолжетімділікті қамтамасыз ететінін атап өтті. Қазір 47 автокөлік өткізу пунктінің 44-інде ЭКЖ енгізілген.

«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекске түзетулер енгізілді, олар бойынша кеден органдарына екі жаңа функция: көлік бақылауы және мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыруды беру көзделген.

Кеден органдары енді тауар жеткізу жерлерінде, оның ішінде кедендік транзитті аяқтаған кезде көлік бақылауын жүргізе алады. Бұл бақылау шетелдік рұқсат қағаздарын (ШРҚ) тексеру және «жою» түрінде жүзеге асады. Қосымша салмақ-өлшем бақылауы мәселесі әлі қарала қойған жоқ.

Мобильді топтардың жұмысына нормативтік база жасалғанымен, олардың іске қосылуы үкімет тарапынан қосымша штат саны бөлінбегендіктен кейінге қалды. ҰКП бұл топтардың жұмысы жаңажылдық мереке алдындағы қарбаласпен тұспа-тұс келіп, тасымалдаушылар үшін күтпеген жағдай туғызу мүмкіндігіне алаңдаушылық білдіріп отыр.

ҚХР бағытындағы рұқсат қағаздары мәселесі

Кездесу барысында Қытай бағыттындағы «Нұр Жолы» өткізу пунктінде қазақстандық тасымалдаушыларға арналған ШРҚ тапшылығы салдарынан көліктердің жиналып қалуына байланысты мәселе де талқыланды.

Мемлекеттік кірістер комитеті Қытайдың тиісті органдарымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын, қазақстандық тарапқа күніне 1200 қосымша рұқсат қағазын беру мәселесі қаралып жатқанын айтты. Өтініш беруге үлгермей қалған тасымалдаушылар жаңа партия келгеннен кейін алдын ала броньдаған кезектеріне сәйкес «С» санатындағы рұқсат қағаздарын рәсімдей алады.

Мемлекеттік кірістер комитеті тасымалдаушыларға жаңа партия келмейінше, өткізу пункттеріне сапардан уақытша бас тартуды ұсынады.

Кеден саласындағы цифрландыру және жауапкершілік

«Кеден» ақпараттық жүйесінде ЭЦҚ-ның дұрыс қолданылмауын болдырмау үшін биометриялық сәйкестендіру енгізіліп, «брокердің цифрлық портреті» жасалады. Бұл дерек тәуекел деңгейіне қарай санаттарға бөлуді көздейтін ҚР кеден өкілдерінің рейтингісіндегі орынмен толықтырылады.

2025 жылдың 17 ақпанынан бастап «Кеден» ақпараттық жүйесінде көлік өткізу пункттеріндегі тауарлар туралы алдын ала хабарлама (АХ) беру функциясы іске қосылды. Бұл ЕЭК-тің 2018 жылғы 17 сәуірдегі шешімі талаптарына сәйкес келеді.

Келгенге дейін кемінде 2 сағат бұрын беру керек АХ тіркеу, өзара қызметтердің бақылауынан өту және транзиттік декларацияға ауыстыру мақсатында қолданылады. ММК бизнесті осы қызметті белсенді қолдануға шақырады, бұл кеден рәсімдерін жеңілдетуге әрі жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері арасында заңнаманы білмеу салдарынан құқықбұзушылықтар саны артқаны атап өтілді – өткен жылы 5 мың болса, биыл 7 мыңнан асқан.

Осыған байланысты көлік ассоциацияларына МКК оқу-әдістемелік орталығы базасында жүргізушілерді бірлесіп оқытуды ұйымдастыру ұсынылды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174