«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Астанада Қазақстан–Әзербайжан іскерлік кеңесінің III отырысы өтті

2025 жылғы 21 Қазан
738 просмотров

2025 жылғы 21 қазанда Астанада «Экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және серіктестіктің жаңа көкжиектері» тақырыбында Қазақстан–Әзербайжан Іскерлік кеңесінің III отырысы өтті. Іс-шара «Қазақстан–Әзербайжан: жасанды интеллект пен индустриялық бастамалар дәуіріндегі экономикалық ынтымақтастық» атты бизнес-форум аясында ұйымдастырылды.

Отырысқа екі елдің мемлекеттік органдарының, іскер топтарының және ұйымдарының өкілдері қатысты. Әзербайжан тарапынан экспорт пен инвестицияларды ілгерілету жөніндегі агенттіктің (AZPROMO) атқарушы директоры Юсиф Абдуллаев, Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігінің (KOBİA) басқарма төрағасы Орхан Мамедов және Қазақстан–Әзербайжан Іскерлік кеңесінің әзербайжандық тең төрағасы Эмин Садиг сөз сөйледі. Қазақстан тарапынан Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов және Іскерлік кеңестің қазақстандық тең төрағасы Даурен Бимов қатысты.

Өз сөзінде Мұрат Қарымсақов соңғы жылдары Қазақстан мен Әзербайжанның саяси диалогты, экономикалық өзара іс-қимылды және гуманитарлық байланыстарды нығайтуда үлкен жолдан өткенін атап өтті. Бүгінде екі ел арасындағы қатынастар сенімнің, өзара түсіністіктің және практикалық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шыққанын айтты.

Мұрат Қарымсақов сондай-ақ Кеңес отырысының Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтіп жатқанын атап өтіп, бұл іс-шараның ерекше маңызға ие екенін және екі ел арасындағы стратегиялық сенімнің жоғары деңгейін көрсететінін айтты.

Отырыс барысында қазақстандық және әзербайжандық компаниялар арасында қол қоюға дайындалған бірқатар бірлескен бастамалар мен жобалар таныстырылды. Олардың қатарында «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенін салу жөніндегі меморандум, білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, Гейдар Әлиев атындағы оқу кабинетін ашу туралы келісім, сондай-ақ Астанада шағын және орта бизнесті дамыту мен халықаралық ынтымақтастық орталығы болып табылатын «ШОБ үйі» жобасын жүзеге асыру жөніндегі келісім бар. Бұдан бөлек, су ресурстары, агротехнологиялар және инновациялар саласындағы жобалар талқыланды.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Іскерлік кеңес өз жұмысын Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиямен тығыз үйлестіруде жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Кеңес аясында қабылданған шешімдер мен бастамалар үкіметаралық диалогты толықтырып, екі елдің бизнес өкілдері арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз етеді.

«Бұл Кеңес экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетудің маңызды құралы болып табылады, ол іскер қауымдастықтар арасындағы жаңа байланыстарды қалыптастыруға, сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті Мұрат Қарымсақов.

Өз сөзін қорытындылай келе, Мұрат Қарымсақов бүгінгі таңда басты міндет – қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыру мен нақты нәтижелерге қол жеткізу екенін айтты.

«Біздің ортақ міндетіміз – Іскерлік кеңес аясында қабылданған шешімдерді нақты жобаларға, келісімшарттар мен инвестицияларға айналдыру. Бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша біздің елдеріміздің өңірдегі позицияларын нығайтуға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және сауда әлеуетін арттыруға ықпал ететін жаңа серіктестік бағыттары айқындалатынына сенімдімін», – деді ол.

Отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылар экономикалық өзара іс-қимылды тереңдету, іскер байланыстарды кеңейту және бірлескен бастамаларды іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруға ниетті екенін растады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174