«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Қарағандыда Кәсіпкерлер күні аталып өтті

2025 жылғы 29 Қазан
- Қарағанды облысы
342 просмотров

Қарағанды облысында 2025 жылы белгіленген Қазақстан кәсіпкерлері күніне арналған алғашқы салтанатты іс-шара өтті.

Мерекеге Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы Бөлекпаев, кәсіпкерлер, қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Өңір басшысы өз сөзінде кәсіпкерлердің экономиканың негізгі қозғаушы күші екенін атап өтті.

«Кәсіпкерлер – экономиканың өзегі әрі өңір дамуының басты қозғаушы күші. Әрбір бизнес – бұл тұрақтылық пен жаңа жұмыс орындарына, халықтың әл-ауқатына қосылған үлес. 2023 жылы біздің облыс еліміз бойынша алғашқы болып бөлшек салық мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл шара шағын және орта бизнеске түсетін салық жүктемесін азайтуға, бірқатар кәсіпкерлерді көлеңкеден шығаруға және бюджетке түсетін кірістерді арттыруға мүмкіндік берді. Осы тәжірибені сақтап қалу қажет деп есептеймін. Біз бұл ұсынысты облыстық мәслихатқа, сондай-ақ қалалық және аудандық мәслихаттарға жолдаймыз», – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Алғашқылардың бірі болып «Кәсіпкерліктің пионерлері» номинациясында жеке сектордың қалыптасуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлер марапатталды.

Олардың қатарында «Оргкомитет МЖК» ЖШС директоры Николай Абт, Қазақстандағы алғашқы тіркелген жеке кәсіпкерлердің бірі, «Санноп» ЖШС директоры Сапар Ибкеев, құрылыс материалдарын өндіру саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіпкер, «Казамета» ЖШС директоры Андрей Витик, өнеркәсіптік бағыттағы жобаларды дамытып,  Балқашта әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүрген меценат, кәсіпкер және «Балқаш Жібек Жолы» ЖШС директоры Серік Қасымбеков бар.


«Кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясында өңірдегі іскерлік ортаның қалыптасуына зор үлес қосқан кәсіпкерлер марапатталды.

Олардың қатарында Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Гүлнар Құрбанбаева, Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту қорының атқарушы директоры Сайран Сыздыкова және «Сауда палатасы» ЖШС директорының кеңесшісі Несіп Сеитова бар.

«ШОБ-ты сервистік қолдау» номинациясында кәсіпкерлерге оқыту, кеңес беру және тәлімгерлік бағытында қолдау көрсетіп жүрген мамандар марапатталды.

Аталған марапатқа Жеке кәсіпкерлікті дамыту қауымдастығының президенті Владимир Быков, Теміртау қаласындағы Кәсіпкерлікті дамыту орталығының жетекшісі, Салық төлеушілер мен бухгалтерлер қауымдастығының директоры Сара Жүнісова, салық реформасы жөніндегі жұмыс тобының белсенді мүшесі және «Қазақстан кәсіпкерлері мен сервистік қызметтер қауымдастығы» заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігінің президенті Ермек Әбілдин ие болды.

«Үздік салық төлеуші» номинациясында қаржылық тәртіп пен ашықтықты сақтап жүрген кәсіпорындар марапатталды.

Олардың қатарында «KITCOM» ЖШС директоры Айымжан Ұзақова, электроника және телекоммуникация саласының өкілі, «Углестрой-сервис» ЖШС директоры Владимир Морозов және «Эгофом» ЖШС директоры Елена Барановская бар.

Іс-шараның қорытынды бөлімінде Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі ұйымдастырған мектеп оқушылары мен студенттер арасындағы бизнес-идеялар байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Жеңімпаздар 1 миллион теңге көлеміндегі грантты IT және жасанды интеллект, агроөнеркәсіп кешені, экология және креативті индустриялар бағыттарындағы үздік жобалары үшін иеленді.

Лауреаттардың қатарында Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназиясының оқушылары Алексей Пальчун, Алексей Медянцев және Глеб Верницкий бар. Олар «SafeWay» атты жобаны ұсынды, жоба мүмкіндігі шектеулі адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар Бұқар жырау ауданының оқушылары Анастасия және Юлия Киселева «Ақылды мектеп фермасы – 365» жобасымен танылды. Бастауыш сынып оқушысы Абылайхан Кисаев экологиялық таза «Magic Pencil» қарындашын ойлап тапты, ал Саран қаласының студенттері Айсель Аманова, Альбина Асадолла және Қуанышбек Саметов ұлттық дәстүр мен заманауи технологияны ұштастырған «Asyl Mura» инновациялық үстел ойындарын таныстырды.

Қарағанды облысының кәсіпкерлерін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов бейнеқұттықтау арқылы құттықтады.

«Қарағанды әрдайым кәсіпкерлік рухы мықты, белсенді өңір ретінде ерекшеленеді. Бұл аймақ тек өнеркәсіп пен металлургияда ғана емес, шағын және орта бизнес пен креативті индустрия саласында да көшбасшы болып отыр. Қарағандылық кәсіпкерлер билікпен ашық диалог орнатып, өзара серіктестіктің үлгісін көрсетіп келеді», – деді Райымбек Баталов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174