«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Қарағанды облысында бизнес-идеялар байқауының жеңімпаздары анықталды: оқушылар мен колледж студенттері 1 млн теңгеден грант алды

2025 жылғы 30 Қазан
- Қарағанды облысы
240 просмотров

Қарағанды облысында мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында өткен бизнес-идеялар байқауының қорытындысы шығарылды. Жоба бастамашысы – Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі. Байқау Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізілді.

Аймақтың әр ауданынан келген 70-тен астам қатысушы IT және жасанды интеллект, экология, агроөнеркәсіп және өңдеу салалары бойынша өз жобаларын ұсынды. Әр бағыттың жүлде қоры – 1 миллион теңге. Жобаның басты мақсаты – жас новаторлардың әлеуетін ашу және бизнестің идеядан басталатынын көрсету.

«Біз бұл байқауды 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында өткіздік. Мақсатымыз – оларға жеңімпаз рухын дарытып, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау. Жалпы жүзге жуық өтінім түсті. Көптеген қызықты жобалар болды. Кәсіпкерлерден құрылған комиссия төрт бағыт бойынша жеңімпаздарды анықтады: IT және жасанды интеллект, агроөнеркәсіптік кешен, экология және креативті индустриялар. Әлеуметтік пайдасы бар кейбір жобаларға қолдау көрсету жоспарланып отыр. Болашақта байқауды дәстүрлі түрде өткізуді көздеп отырмыз», – деді Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Владимир Алескеров.

Саран қаласының 4-сынып оқушылары Алексей Пальчун, Алексей Медянцев және Глеб Верницкий өздерінің алғашқы миллионын жеңіп алды. Жас робототехниктер көзі нашар көретін адамдарға өрт кезінде жылдам эвакуациялануға көмектесетін автоматтандырылған сүйеніш жүйесін ойлап тапқан. Қауіп туындаған сәтте құрылғының тетіктері іске қосылып, адамды жақын жердегі шығатын есіккебағыттайды. Балалар грантты өз жобаларын жетілдіруге және патенттеуге жұмсамақ.

«Агроөнеркәсіп және қайта өңдеу» бағыты бойынша Бухар-Жырау ауданына қарасты Ростов тірек мектебінің оқушылары Анастасия мен Юлия Киселёвалар үздік деп танылды. Олар ұсынған «Smart School Farm 365» жобасында мектеп асханасына арналған микрожасыл өнімдер франшиза үлгісінде өсіріледі.

«Бизнеске бағытталған экология» номинациясында Қарағанды қаласындағы №18 мектептің 4-сынып оқушысы Абылайхан Қисаев ерекшеленді. Оның «Magic Pencil» жобасы — құрамында тұқым капсуласы бар экологиялық қарындаш. Қарындашты пайдаланып болғаннан кейін жерге ексе, одан өсімдік өсіп шығады.

«Менің қарындашым жай жазу үшін емес — оны қолданған соң жерге отырғызуға болады, содан өсімдік шығады. Мұндай қарындаштар барлық мектептерде болса деп армандаймын. Өз жобамды көрсетуге мүмкіндік берген және қолдау көрсеткен ұйымдастырушыларға рақмет», — деді Абылайхан.


«Өңдеу өнеркәсібі» бағыты бойынша Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері Айсель Аманова, Альбина Асадолла және Қуанышбек Саметов жеңімпаз атанды. Олар асықтан жасалған инновациялық үстел ойындарын біріктірген «Asyl Mura» жобасын ұсынды. Жоба ұлттық дәстүр мен заманауи технологияны ұштастырады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау жыл сайын өткізіліп, болашағынан зор үміт күттіретін жас кәсіпкерлерді анықтау дәстүрге айналмақ.

Жеңімпаздар 1 миллион теңге көлемінде грант алып, өз идеяларын кәсіпкерлер палатасының қолдауымен әрі қарай дамыту мүмкіндігіне ие болды.

Байқаудың толық нәтижелері Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының Telegram арнасында жарияланды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174