«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Туризм кеңесі төрағаның өкілеттігін ұзартып, 2026 жылға арналған жоспарларды бекітті

2025 жылғы 10 Қараша
- Ақтөбе облысы
250 просмотров

Бүгін Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында Туризм салалық кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе — кеңес төрағасын қайта сайлау болды.

Кәсіпкерлер палатасының салалық және аудандық кеңестері туралы Ереженің 7-бабының 7.2-тармағына сәйкес, кеңес төрағасының өкілеттік мерзімі — бір жыл, қайта сайлану құқығымен.

Туризм салалық кеңесі өткен жылдың қараша айында құрылған болатын. Сол уақыттан бері кеңесті «МК Корпорация» ЖШС директоры Күлшат Қабылбекқызы Масалимова басқарып келеді. Кеңес мүшелері төрайымның қызметін жоғары бағалап, оның өкілеттігін бірауыздан ұзарту туралы шешім қабылдады.

«Бүгінгі күнге дейін кеңес 12 отырыс өткізіп, бірқатар ауқымды шаралар — форумдар, оқыту семинарлары мен мастер-класстар ұйымдастырды. Ақтөбе облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасымен, сондай-ақ Visit Aktobe туристік ақпарат орталығымен тығыз байланыс орнатылған. Қазіргі уақытта кеңес құрамында қонақүй және туризм саласындағы 20 кәсіпкер бар», — деді кеңес үйлестірушісі, өңірлік палатаның бөлім басшысы Динара Смағұлова.

 

Отырыста 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспарына енгізілетін негізгі басымдықтар мен ұсыныстар талқыланды. Әсіресе алдағы қысқы маусымға дайындық пен ішкі туризмді дамытуға назар аударылды.

Кеңес төрайымы Күлшат Масалимова Ақтөбенің туристік әлеуетін арттыру үшін тек бағыттарды кеңейту ғана емес, өңір тұрғындары мен қонақтарын қысқы демалыс мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпараттандыру маңызды екенін атап өтті.

«Туристік бағыттарды ілгерілету бойынша кешенді жұмыс жүргізіп, туризм саласы мамандарын оқыту қажет. Біз гастротуризм, этнотуризм, отбасылық және белсенді демалыс бағыттарында үлкен әлеует бар екенін көріп отырмыз», — деді ол.

Ақтөбе облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бас маманы Мейіржан Байбулатов жыл қорытындысына арналған форумды марапаттау рәсімдерімен өткізу, «Сыбаға» гастрофестивалін ұйымдастыру және гидтерді Түркияда оқыту бағдарламасын бірлескен жоспарға енгізуді ұсынды.

Бизнес пен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы аясында жыл сайын өтетін бірқатар ірі іс-шараларды тұрақты негізде бекіту көзделуде. Бұл шаралар өңірдің туристік брендіне айналып, жаңа туристерді тартуға ықпал етпек.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Владимир Сухорученко өңірдің туризм саласында айтарлықтай әлеует бар екенін және оны жүйелі түрде дамыту қажет екенін атап өтті:

«Ақтөбе танымал туристік бағыттардың біріне айнала алады және айналуы тиіс. Туристерге қолайлы әрі тартымды орта қалыптастыру үшін бизнес, билік және қоғам күш біріктіруі қажет», — деді ол.

 

Отырыс қорытындысында тараптар туризмді дамыту мен өңірдің имиджін нығайтуға бағытталған бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдап, ынтымақтастықты жалғастыру ниеттерін растады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174