Жер қатынастары саласындағы мәселелер «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңесте қаралды
2025 жылдың 19 наурызында Қайырбек Сүлейменовтың төрағалығымен «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің кезекті отырысында кәсіпкерлердің жер қатынастары саласындағы құқықтарының сақталуы мәселесі қаралды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті пайдаланылмайтын жер учаскелерін алып қою жөніндегі шараларды жүзеге асыруда.
Сандар сөйлесін
Соңғы үш жылда мемлекетке 12,2 млн.га жер қайтарылған. Жайылым тапшылығы 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда 44%-ға төмендеген. Заңсыз берілген және пайдаланылмаған жер учаскелерін алып қою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар шаруашылық нәтижесін алу үшін өндіріс процесінде жер айналымын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, жекелеген өңірлерде бұл шара жүйесіздік сипатына ие болып, Мемлекет басшысының тапсырмасының мақсаттарын бұрмалап қана қоймай, заңды бұзумен де іске асқан.
Мәселен, Қарағанды облысында «REAL» ЖШС шаруашылық қызметті заңды негізде жүзеге асыру үшін жеке меншікке жер учаскесін сатып алған. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын іске асыру үшін Қарағанды қаласының Сәулет және қала құрылысы бөлімі серіктестікке қажетті рұқсат құжаттарын беріп, серіктестік жобаны іске асыруға бастапқы кезеңде 250 млн.теңгеден астам қаржы инвестициялады.
«Алайда, барлық рұқсат құжаттарының болуына қарамастан, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасарының ауызша тапсырмасына сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылды», - деп атап өтті кәсіпкер Рустам Мамедов.
Сәулет және қала құрылысы бөлімі бұрын берілген рұқсат құжаттарын кері қайтарып алған. Сот пен қадағалау органы мұны заңсыз деп танып отыр.
Әкімдіктің лауазымды тұлғалары Серіктестікті жерді заңды түрде сатып алған жеке меншік құқығынан айыруға мақсатты әрекет ете отырып, қаланың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізді. Осыған байланысты Серіктестік объектісі жобадан шығарылған. Кейіннен олар сотта жер учаскесін мәжбүрлеп алып қоюға бастамашы болды. Алайда, сот жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талапты екі рет қайтарған.
Прокуратура органдары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бөлімшелері осы уақытқа дейін кәсіпкердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдамаған. Кәсіпкердің құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтіретін шектеу, тыйым салу шараларын заңсыз қабылдағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік белгіленді.
Жер кодексіне және су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қағидаларына сәйкес, су объектісінің жағалау сызығынан 500 метр шегінде орналасқан жер учаскелерін беру су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекаралары айқындалғаннан кейін жүзеге асырылады және облыс әкімдіктерінің құзыретіне жатқызылады.
Алайда, көлдер мен өзендердің көптігіне байланысты осы функцияларды облыс әкімдіктері деңгейінде толық көлемде орындау іске аспайды.
Бұл бюрократиялық кедергілер жер учаскелерінің үлкен массивін шаруашылық қызметке қосуды шектейді, ал осы талаптарды орындамай учаскелерді бөлу заңды емес деп танылуы мүмкін.
«Су қорғау аймақтары мен су объектілерінің белдеулерін белгілеу туралы құзыретті тек облыстық деңгейге жатқызу аудандық буын атқарушы органдарының жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетінше шешу, өңір тұрғындары мен бизнесінің қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндігін шектеп қана қоймай, мемлекеттік басқару рәсімдерін тежейді, нәтижесінде кәсіпкерлік қызметке тосқауыл болады», - деді Жеңіс Қазиев.
Талдау көрсеткендей, жер учаскелерін бөлу туралы шешімдердің күшін жоюға әкелетін заңнаманы бұзудың негізгі себептері жер бөлу рәсімдерін реттеудің негізділігімен байланысты. Заңдарды қолдану оларды бұзуға жағдай жасайтын немесе бәсекелестік еркіндігін шектейтін шешімдер қабылдауға себеп болатын қақтығыстарды анықтады.
2018 жылғы жер реформасының қорытындылары бойынша Жер кодексіне шаруа не фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін беру ерекшеліктерін көздейтін жаңа 43-1-бап енгізілді, оған сәйкес конкурстық ұсыныс критерийлері бекітілді, онда: 1) инвестициялар көлемі бар бизнес-жоспар; 2) жобаны жасау және игеру жөніндегі міндеттемелер қамтылуға тиіс шаруашылықішілік жерге орналастыру; 3) ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту және жерді ұтымды пайдалану қағидаларын қоса алғанда, жер заңнамасының талаптарын орындау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру.
Сонымен қатар, шаруа не фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жалдау құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру және өткізу қағидаларына конкурстың жеңімпазы айқындалатын бір ғана критерий – инвестицияның болжамды көлемі енгізілген. Бұл Қағидалар Жер кодексінің талаптарына сәйкес келмейді, ал басқа көрсеткіштерді ескермейтін конкурс жеңімпазын іріктеудің белгіленген схемасы әділетсіз шешімдер қабылдауға әкеп соғады және сыбайлас жемқорлыққа жол ашады.
Кеңес ұсынысы
Талқылау қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және аудандардың, жергілікті атқарушы органдары арасында су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі құзыретті су қорғау аймақтарын белгілеу бөлігінде және су объектілерінің мөлшеріне, санаттар комбинациясына, режим шарттарына, су алмасуға және т.б. байланысты Су және Жер кодекстеріне өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Қарағанды облысының әкімі заң бұзушылықтарды жоюы тиіс және жер учаскесінде шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін «REAL» ЖШС құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етуі тиіс:
Қарағанды қ., 15 ш/а., 25/2 дүкен салу және осы ғимаратты кейіннен пайдалану.
Кеңес Қарағанды облысының прокурорына жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының жеке меншік құқығына қол сұғу және «REAL» ЖШС кәсіпкерлік қызметіне кедергі жасау фактілері бойынша іс-әрекеттеріне құқықтық баға беруді ұсынды.
Кеңес отырыстың ұсынымдары мен материалдарын Президент Әкімшілігі мен Үкімет аппаратына мәлімет ретінде жолдайды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: