Зағип кәсіпкер қоқыс өңдейтін база салады
Қос жанары семген азамат «Бастау Бизнес» жобасында білім алып, қаржыландыруға қол жеткізді
«Бастау Бизнес» жобасына қатысқан Андрей Зелевский «Полимерлі қалдықтарды мобильді қайта өңдеу» жобасына қаржыландыру алады. Зағип кәсіпкер курста алған білімі мен аталған жобаның артықшылығы туралы пікір білдірді.
Еске салсақ, «Бастау Бизнес» жобасы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Бұл жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға кәсіпкерлік негіздерін оқыта отырып, бизнес-жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Мен зағиптар қоғамдастығы атынан мүгедектер мәселесі бойынша кеңестің құрамындамын. Мүгедектердің мәселесін бір кісідей білемін. Бірақ әр адам өзіне өзі шектеу қояды. Мемлекет басшысы айтқандай алдымен іс баста. Әрдайым оқып, ізденіп, даму керек. Оның үстіне, Ұлттық палата кәсіпкерлер үшін жағдай жасап отыр. Мысалы «Бизнес Бастау» жобасы бойынша білім алғанымда, топтағы «негеш» мен болдым, әрбір қызықтырған сауалымды қоюдан қысылмадым. Білікті бизнес-жаттықтырушылардың әрқайсымызбен жеке-жеке жұмыс істегені үшін алғыс білдіремін. Енді жұбайым да Қостанай облысында «Бизнес Бастауда» білім алып жатыр. Ол химиялық тазалау саласын таңдап отыр», – деп бөлісті Андрей Зелевский.
Кәсіпкер Қостанай облысы Затабольск ауылында оқытылған екінші лектің қатарында білім алды. Бұған дейін де түрлі бағдарламаларға қатысып, қаржылық сауаттылығын жетілдіріп, кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алған екен. Іздене жүріп жеке кәсібін де ашқан. Дегенмен, «Бастау Бизнестің» арқасында дамып, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен өткізілген байқауды жеңімпазы атанды.
«Бастау Бизнес» ең алдымен білім берді. Семинарда есептеуді үйретті. Мен кассалық аппаратпен жұмыс істей алмайтынмын. Ақмарал есімді бизнес-жаттықтырушы барлығын түсіндіріп, электронды шот-фактура туралы, бизнесті жүргізу әлдеқайда жеңіл болатынын айтты. Мен полимерлі қоқыстарды қайта өңдеумен айналысамын. Басты мақсатым жер шарын таза ұстауға үлес қосу. Оқу барысында жаңа дүниелерді аштым. Оқу курсының ерекшелігі тиімділігінде. Маркетинг, клиенттік база – енді бұл терминдермен таныспын. Әуел баста жобам орындалмайтындай көрінетін. Бағдарламаның арқасында шынайы әрі жүзеге асыруға болатынын білдім. Бүгінде өнімді жеткізетін компаниялармен келісімшарт жасадым», – дейді жаңалығымен бөліскен кәсіпкер.
Күнделікті өмірде полимерден жасалған бұйымдар өте көп, алайда осы бұйымдардың өндірісі артқан сайын қалдық та көбейіп келеді. Тұрмыстық қоқыстың 20% полимерлі заттар әрі бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын өсіп отыр.
Бүгінде кәсіпкер 600 000 теңге қаржы алды. Енді осы қаражатқа автономды ұсақтағыш алады. Бірақ кәсіпкердің жұмыс істейтін жеке орны жоқ, гараждарда, достарына тиесілі орынжайда жұмыс істеп келеді. Бірақ, Андрей Зелевкийдің айтуынша, «Атамекен» ҚКП қолдауымен Қостай облысының әкімдігіне жүгінген. Коммуникациясы бар арнайы орын бөлінсе, оқу-тәжірибелік база салуды қалайды.
«Менің өндірістік орным өзім үйренетін және өзгелерді де оқытып-үйрететін жер болғанын қалаймын. Пластмасса мен пластиктің көптігі соншалық, аттап басқан жерімізден табылады. Болашақта осы пластиктер қайта өңделеді. Мен 7 үміткердің арасында жеңімпаз атандым. Қуанышымда шек жоқ. Шалғай аймақтағы азаматтардың кәсіп бастауына мүмкіндік беріп отырған «Бастау Бизнеске» алғыс айтамын. Азаматтар мықты болса – Қазақстан өркендейді!» – деп санайды кәсіпкер.
«Бастау Бизнес» жобасы кәсібін енді бастағандар мен кәсіпкерлік белсенділігі бар азаматтардың білім алуы үшін Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. 2017 жылы 80 ауданда оқытылатын болса, 2018 жылы 160 аудан қамтылмақ. Бүгінде бағдарламаға қатысуға ниет білдірген ауыл тұрғындарының саны күн санап артып келеді. Бұл оның тиімділігі мен нәтижелілігін көрсететіні айқын.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: